Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Анжелика Флайшавер: Маған қазақтың ұлттық тағамдары ұнайды

1 Мамыр 2025, 11:01
749
Бөлісу:
 Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жетісу жерінде 70-тен астам ұлыс тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осында оннан аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Солардың бірі — неміс этномәдени орталығы. Осы ретте біз неміс ұлтының өкілі, қазақ тілінің жанашыры, ұстаз Анжелика Флайшавермен дидарластық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Анжелика, алдымен қазақ жеріндегі неміс халқының тарихына тоқталсақ. Көпшілік немістерді соғыс кезінде жер аударылғандар деп біледі…

— Иә, бұл — кең тараған қате түсінік. Шын мәнінде, немістердің қазақ жеріне қоныстану тарихы соғыстан әлдеқайда бұрын басталған. XVIII ғасырдың ортасында неміс ғалымдары мен зерттеушілері Ресей патшалығының ғылыми тапсырмасымен Қазақстан аумағына келіп, географиялық, этнографиялық, астрономиялық зерттеулер жүргізген. 

Мысалы, Фридрих Миллер қазақ даласын аралап, солтүстіктегі ауылдардың тұрмыс-тіршілігін сипаттаған. Немістердің қазақ еліне келуінің басты мақсаты — ғылым мен зерттеу жұмыстары еді. 

Кезінде үйдің үлкендері осы жерде өмірбақи тұрып келе жатқан секілді әңгіме айтатын. Біз таңғалатынбыз. Оған ұлы майданның қатысы жоқ екен. Мәселен, өзге елге көшіп кетуге қаншама мүмкіндік болды. Бірақ олай жасамады. Сондықтан бұл менің апа-атамның туған жері деп білемін.

— Сол кездегі неміс зерттеушілерінің еңбектері жайлы айтып өтсеңіз…

— Әрине, ғылыми еңбектердің бәрін тізбелеп шығу мүмкін емес. Бәріне жетік білем деп те айта алмаймын. Дегенмен, олардың еңбектері ғылыми тұрғыдан өте құнды. Мысалы, Евгений Эверсман мен Петр-Симон Паллас алғаш болып Каспий теңізінің мұхит деңгейінен төмен жатқанын анықтаған. Струве есімді астроном Арал мен Каспий теңіздерінің гидрографиялық картасын жасаған. Ал атақты математик Леонард Эйлер Орал маңында тұңғыш метеорологиялық бекет ашып, Орал көлінің алғашқы картасын жасаған. Қазақ даласын зерттеген Бухгольц, Паллас, Радлов пен Бартольд сынды ғалымдардың еңбектері әлі күнге дейін ғылыми айналымда жүр. Олар қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне терең қызығушылық танытқан. Мәсеелен, маған қазақтың ұлттық тағамдары ұнайды. Кейде өзім де аздап жасаймын. Ет, қуырдақ, бауырсақ, жент, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат секілді ас мәзірлерін жетік білемін.

— Біздің бір байқағанымыз Жетісуда неміс этносы көп емес. Еліміздің солтүстік аумағында көбірек шоғырланған секілді…

— Оныңыз рас, қазір елімізде немістердің саны бұрынғыға қарағанда аз. Бұрын 1 миллионға жуық болса, қазір шамамен 100 мыңдай ғана қалды. Көбі тарихи отаны — Германияға көшіп кетті. 

Дегенмен, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында неміс отбасылары әлі де өмір сүруде. Алматы қаласында да біршама неміс бар. Жетісуда да бірен-саран отбасы бар, біз осы өңірдің табиғатына, халқына әбден бауыр басып қалдық. Көшіп кетуге оқталғанда әжелеріміз райынан кері қайтқан екен. Мен де осы Жетісудың қызына айналып үлгердім. 

Бүгінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің колледжінде сабақ беремін. Табиғатына әбден бауыр басып кеткендіктен бе тіпті басқа қалаға көшу ойда болмапты.

— Осыдан оншақты жыл бұрын мектептерде неміс тілі оқытылатын еді, қазіргі жағдай қалай?

— Бұрын неміс тілі мектептерде шет тілі ретінде оқытылатын. Қазір бұл пән негізінен ақылы немесе мамандандырылған мектептерде ғана бар. Бұрын Алматыда неміс тілінде радио жұмыс істеген, Қарағандыда неміс телестудиясы болған. 

Ақмолада «Фройндшафт» атты неміс тіліндегі газет жарық көрген. Бірақ елдегі неміс халқының саны азайған соң бұл жобалар тоқтап қалды. Оның үстіне үш тұғырлы тіл саясаты шығып, ағылшын тіліне басымдық берілді. Менің мамандығым шет тілі пәнінің мұғалімі. 

Қазір ағылшын тілін жетік меңгеріп алдық. Ана тіліміз қолданыста болмағаннан кейін ұмыта бастағанымды жасырмаймын. Тәуелсіздік алған жылдары неміс тіліне көп басымдық берілді ғой. Қазір ақылы орталықтарға барып оқиды көбі.

— Жалпы, 90-жылдары Германияға көшу үдерісі қалай жүрді? Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін үлкен толқын жүргендей…

— Иә, саяси оқиға өз салдарын тигізбей қоймайды. Тәуелсіздіктен кейін Алматыда немістердің алғашқы съезі өтіп, «Возрождение» қоғамдық қоры құрылды. 1992-1994 жылдары Германияға көшіп кеткендер саны 400 мыңға жуықтады. Кейін бұл көрсеткіш төмендеді. 

Бүгінде сол көшіп кеткендердің бір бөлігі ғана елде қалды. Германия канцлері Гельмут Коль мен Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесуінде де Қазақстанда тұратын немістердің орны ерекше екені айтылған еді. Бұл сөздер біздің отбасымыз үшін үлкен қолдау болды. 

Жоғарыда айтылған ауқымды дүниелер жасалды. Тіл оқытылды, танымдық бағдарламалар жасалды. Кейін неміс этносының саны азайғаннан кейін бұл үрдіс тоқтады.

— Әңгімеңіздің арасында неміс кеңесі мен мәдени орталықтар жайлы айтып қалдыңыз. Сол ұйымдар туралы толық баяндап өтсеңіз?

— Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ даласында әрбір энос өзін еркін сезінеді. Бұл шынымен солай. Өзіміздің дәстүрлі, мәдени құндылықтарымзды қоса алып жүруге жағдай жасалған. Ешкім мұның дұрыс емес деп айтқан емес. Қазаққа сіңіп кенкенімізбен, шама бар ұлтқа тән болмысымызды сақтап қалуға тырысамыз. М

әселен, немістердің ұлттық кеңесі әлі күнге дейін жұмыс істейді. Алматы қаласында «Неміс үйі» бар. Біз жиі барып тұрамыз. Ол жер — тек мәдени ғана емес, әлеуметтік әрі рухани орталық. 

Сондай-ақ, Қазақстанда ТМД елдері арасындағы жалғыз неміс драма театры жұмыс істейді. Біз онда қойылымдарға қатысып, ұлттық бірлікті сезініп отырамыз. Әрине, жастар жағы аз қалды. Естуімше, үлкендер көбіне жиналып тұрады екен.

— Германияға қоныс аударған туыстарыңыз елге жиі келе ме?

— Иә, жылына бір-екі рет келіп тұратын туыстарым бар. Олар мұнда келген сайын қазақ тағамдарын сағынғандарын айтып, ет асып, бауырсақ пісіріп, наурыз көже жасайды. 

Кейбірі тарихи отанына үйренісе алмай, Қазақстанды аңсап тұрады. Қазақ тілі мен мәдениетіне деген ықыластары ерекше. Тағы бір қызық ақпарат айтатайын, көшіп кеткен туыстарымыз Германияда әлі қазақша сөйлейді. Өзара қазақша әңгіме айтады. Тіпті, қайта Қазақстанға қайтып келгендер де бар. Олар қазақтың ұлттық дәстүрлерін жетік біледі. Үнемі ет асып, бауырсақ жасап жеп отырады. Сондықтан оларды қазаққа жақын деп айтуға әбден болады.

— Өзіңіз Жетісудан кеткіңіз келмей ме?

— Жоқ, әзірге ондай нәрсе ойыма келген емес. Өзіме жұмысым ұнайды. Мен бұл жерді жанымдай жақсы көремін. Қазақ тілін бала кезімнен үйрендім, қазіргі таңда қазақ балаларына сабақ беріп жүрмін. Мұғалім болып қызмет ету үлкен жауапкершілік. 

Қазақтың кеңпейіл, бауырмал мінезі мені осы топыраққа мәңгі байлады. Жетісудың табиғаты — шабытыңа шабыт қосатын, адамды баурап алатын ғажайып мекен. Бұл жақта 3-4 жыл тұрған адам алысқа ұзағысы келмейді. Қазір жылдан-жылға көркейіп келеді. Алматы сияқты кептеліс жоқ, тауы жақын, көңіліңіз көтеріліп қайтады.

— Қоғам арасвнда үлкен қарама-қайшылық туындап жатыр. Қазақ тілін әрбір жтнос өкілі білуі керек пе, қалай ойлайсыз?

— Әрине, ол міндетті түрде ұстанатын қағидам. Мен қазақ тілін жақсы түсінемін, керемет білемін деп айта алмаймын, бірақ осы елде тұрған дәстүрін, тілін білген абзал. Мемлекеттік тілді білу — әрбір азаматтың парызы. 

Мен үшін қазақ тілі — жүрек тілім. Ал Қазақстан — менің туған жерім, бейбіт өмірдің, достық пен келісімнің киелі мекені. Мұнда түрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай өмір сүреді. Бұл — біздің ең үлкен байлығымыз. Менің апаларым, аталарым қазақ тілін жақсы білді. Менің де жақсы білмеуге қақым жоқ.

— Анжелика, шынайы әңгімеңізге көп рақмет!

— Сіздерге де айтар алғысым шексіз. Бірлік күні құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақ елінің татулығы жараса берсін. Ынтымақ пен бірлік ұзағынан болғай! Әрбір шаңыраққа бақыт тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы