Антирекорд: Қазақстан Азия ойындарында 4 қана алтын медаль алды

14 Ақпан 2025, 15:15
772
Бөлісу:
Антирекорд: Қазақстан Азия ойындарында 4 қана алтын медаль алды
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Харбинде өткен XI Қысқы Азия ойындарын аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 4 алтын, 8 күміс, 7 қола медальмен жарысты аяқтады.

Алғашқы алтынды қоржынымызға шорт-тректен ерлер командасы салды. 5000 метрге конькимен жүгірген қазақстандық команда құрамында Глен Иванченко, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Әділ Ғалиахмедов және Абзал Әжғалиев бар. 

Екінші алтынды фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы алып келді. Команда сапында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов өнер көрсетті. 

Ал биатлоншы Владислав Киреев IX қысқы Азия ойындарында 10 шақырым спринтте чемпион атанды. Жарыстың соңғы күнінде хоккейден ұлттық құрама Жапониядан басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды.

Алайда ұлттық құрама медаль саны бойынша 4-орынға тұрақтап, алғашқы үштіктен көріне алмады.

Бұған дейінгі қатысқан Азия ойындарында 1996 жылы Қытай жерінен 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медальмен оралған. 

Ал 1999 жылы Кореяда 10 алтын, 8 күміс, 7 қолаға қол жеткізсе, 2003 жылы Жапонияда 7 алтын, 7 күміс, 6 қола жүлдені еншіледі. 

Қытайда өткен алтыншы қысқы Азия ойындарында да қоржынымыз бос қайтпады. Онда спортшыларымыз 6 алтын, 6 күміс, 6 қоланы жеңіп алған болатын. 

Ал Алматы мен Астанада өткен VII Қысқы Азия ойындарында ұлттық құрама медаль саны бойынша 1-орыннан көрініп, 32 алтын жүлде иеленген еді. 

2017 жылы отандық спортшылар 9 алтынмен 4-орынға тұрақтады.

Өзгелердің жаңалығы