Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, СҚФ-да халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен уақтылы және сапалы қамтамасыз ету, фармацевтика саласы мен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар.
Осылайша, дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша аукциондардың жартысынан көбі бәсекелестік емес тәсілмен өтті (2020-2023 жылдар кезеңінде барлығы 1 241 лот).
Бұған тек бір өтінім келіп түскен кезде, жеңімпазды анықтауға мүмкіндік беретін, Қағидаларға енгізілген нормалар ықпал етті.
Фармацевтикалық компаниялар осы олқылықты басқа жабдықтаушылармен келісе отырып, ең жоғары бағамен тендерлерді жеңіп алды. Осылайша бәсекелестік және сатып алу құнының төмендеуі қамтамасыз етілмеді.
Мәселен, 2020-2023 жылдардағы аукциондардың қорытындысы бойынша үнемдеудің едәуір үлесі (81%) барлық лоттардың 8%-ы есебінен ғана қалыптасты (6513-тен 567-сі). Әрбір үшінші лотта (1969 немесе 30%) бағаның төмендеуі мүлдем болған жоқ (0-ден 30 тиынға дейін).
Делдал-жабдықтаушылардың аукционның бірінші қадамына қатысудан жиі бас тартуы, оларға жұппен қатысу және «жеңістермен алмасу» картельдік келісімнің кеңінен қолданылуын көрсетеді.
Бұл ойдан шығарылған бәсекелестікті құру және сатып алу бағасын ұстап тұру үшін жасалады, бұл бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі уәкілетті органның жақында жүргізген тергеулерімен расталады.
Медициналық жабдықты сатып алу кезінде тендерлік комиссия өтінімдері тендер шарттарына сәйкес келмейтін жабдықтаушыларды аукционға жіберген, сондай-ақ сарапшылардың теріс қорытындылары еленбеді.
Мұнда сатып алу құнын негізсіз көтеру тәуекелдері де туындады. Іріктемелі талдаумен құны әртүрлі, бірақ техникалық сипаттамалары бойынша ұқсас медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша 13 шарт анықталды (6,7 млрд теңгеге асыра бағалау тәуекелдері).
Бұл ретте, талдау арқылы анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері логистика қызметтерін ұсыну, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау және жеткізу бойынша нарықтың едәуір үлесін жабатын компаниялар пулын қалыптастыруға ықпал етті.
Бұдан басқа, ұзақ мерзімді шарттар жасасу процестерінің айқын болмауы іс жүзінде отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға ниеті жоқ компанияларды негізсіз байытуға ықпал етті (36 отандық өндірушімен барлығы 92 шарт жасалды, сатып алудың жалпы көлемі 315 млрд теңгені құрады).
Сонымен 8 отандық өндірушінің қызметінде нақты өндірістің орнына шетелдік өнімдерді (қолғап, шприц, йод және т.б.) әкелу белгілері бар.
Бұл импорт туралы мәліметтер, тауардың қажетті мөлшерін өндіру үшін шеттен әкелінетін шикізаттың жеткіліксіздігі, өндірістік қуаттардың жетіспеушілігі, сондай-ақ электр және су тұтыну бойынша көрсеткіштердің қалыптан тыс төмендігі туралы мәліметтерден көрінеді.
Осымен қатар, тиісінше бақыламау (бақылау біржолғы көшпелі қарап-тексерумен және акт жасаумен шектеледі) және өндірушіні отандық деп танудың бұлыңғыр критерийлері (тауарды зарарсыздандыру және буып-түю жеткілікті) байқалады.
Персоналды басқару блогы бойынша адамдарды конкурссыз жұмысқа орналастырумен, конкурстық комиссияда тәуелсіз мүшелердің болмауымен, мүдделер қақтығысын жою жөнінде шаралар қабылдамаумен, командалық орын ауыстырумен, қосымша ақыларды, сыйақыларды, іссапар төлемдерін, сондай-ақ СҚФ-да іс жүзінде жұмыс істемеген жекелеген қызметкерлердің жалақыларын заңсыз бекітумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Жалпы, сыртқы талдау қорытындылары СҚФ-да менеджменттің дұрыс ұйымдастырылмайтынын көрсетеді, бұл олардың алдына қойылған міндеттерді тиісті деңгейде іске асыруға мүмкіндік бермейді.
СҚФ іс жүзінде өндірушілермен тікелей жұмыс істемеді, барлық жұмыс делдалдар арқылы құрылды.
Шын мәнінде, бұл дәрі-дәрмектерді өндірушілерден сатып алып, кейіннен СҚФ-ның қайта сатуымен байытылған қажетсіз «өткелдер». Бұл ретте, мұндай жеткізілімдер картельдік сөз байласу арқылы, бәсекелестіксіз барынша жоғары бағамен жүзеге асырылды.
Тіпті, СҚФ-мен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасаған отандық өндірушілер де жалған өндіріспен байланысты айла-шарғыларға барды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жан-жақты шаралар қабылдау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылы 12 мамырда жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Осы ұсынымдардың орындалуы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында.