Антикор құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды бақылауға алды

19 Тамыз 2024, 20:30
431
Бөлісу:
Антикор құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды бақылауға алды
Фото: BAQ.KZ - архив

Антикор құрылысы айтарлықтай ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды сүйемелдеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Антикордың мәліметінше, сүйемелдеу нәтижелері бойынша агенттіктің аумақтық департаменттері 44 проблемалық нысанның құрылысын аяқтауды қамтамасыз етті.

Олардың ішінде сумен қамтамасыз ету объектілері, Мамандандырылған ХҚКО, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мектептер, медициналық объектілер, тұрғын үйлер, жолдарды жөндеу, көпір салу, бөгет гидроторабы мен қазандықты реконструкциялау.

Атап айтқанда, Астана қаласында, Ақтөбе, БҚО – 10, Қызылорда және Түркістан облыстарында 4 мектептіңқұрылысы аяқталды.

Ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз ету проблемаларын назарға ала отырып, сүйемелдеу шеңберінде 14 ауылда, оның ішінде Павлодар облысында – 4, ШҚО – 3, Жамбыл облысында – 3, Қостанай облысында – 3 және БҚО – 1 су құбырларының құрылысы аяқталды. Олардың құрылысы бір жылдан үш жылға дейін созылған. Агенттіктің бастамасы бойынша ұзақ құрылыстардың проблемалық мәселелері өңірлердің әкімдері жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың 26 отырысында және Қоғамдық кеңестердің 25 отырысында қаралды, - делінген хабарламада.

Жымқыруға жол бермеу мақсатында алдын алу шараларының кешені, оның ішінде ақпараттық хаттар, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде қоғамдық мониторингтер қолданылады. 

Мәселен, Шымкент қаласында ақпараттық хат енгізу арқылы Қонаев даңғылының құрылысы аясында 700 метрге жуық артық тірек қабырғаларын орнатуға бағыттау жоспарланған 3,2 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туды, жұмыстар алынып тасталды.

Сондай-ақ Шымкент қаласында ұзақ құрылыстарды сүйемелдеу шеңберінде «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес құрылыстың кепілдік мерзімдерін айқындау бойынша екіұшты практика белгіленді, кепілдік мерзімі кемінде 2 жылды құрайды, бұл ретте Азаматтық кодекс бойынша, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі 10 жылды құрайды. 

Кепілдік мерзіміне нақты талаптың болмауы жемқорлық тәуекелдерін тудырады, өйткені тапсырыс беруші мердігермен алдын ала уағдаластық бойынша кепілдіктің қысқа мерзімін белгілей алады.

Осыған байланысты, Шымкент қаласының Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және инфрақұрылым басқармаларының бұйрықтарымен құрылыстың кепілдік мерзімінің тиісті талаптарын техникалық ерекшеліктер мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарда кемінде 7 жыл көрсету міндеттілігі бекітілді. 

Осыған ұқсас жұмысты Агенттіктің басқа да аумақтық департаменттері жүргізеді.

Бұл жұмыстың нәтижелері сапаны қосымша бақылауды күшейту және кепілдік мерзімі кезеңінде жөндеу бюджетінің шығындарын азайту болады.

Қазір Агенттіктің бастамасы бойынша Құрылыс кодексінің жобасына ең төменгі кепілдік мерзімін кемінде 5 жыл белгілеу туралы нормалар енгізілді, ағымдағы сәтте – 2 жылды құрайды.

Агенттік 125 нысанның құрылыс жұмыстарын сүйемелдейді.

Өзгелердің жаңалығы