Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі басшылығының кездесуі өтті. Кездесуде азаматтық қорғау органдарындағы жемқорлықтың алдын алу желісі бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Іс-шараға бейнеконференцбайланысы арқылы Агенттіктің аумақтық бөлімшелері, ТЖМ, оның ведомстволары, ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қатысты.
Жемқорлыққа қарсы алдын алу іс-шараларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ашықтық, тұтынушыға бағдарлану және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою қағидаты бойынша азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау үшін министрліктің орталық аппараты негізінде парасаттылық идеологиясын толыққанды дамытудың іргетасына айналған аттас жоба аясында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылады.
Бұған дейін ел басшылығы халыққа қызмет көрсетудің сервистік үлгісін мемлекеттік аппараттың барлық деңгейіне тарату жөніндегі Агенттіктің бастамасын қолдағанын атап өткен жөн.
Министрлік барлық мемлекеттік қызметтерді тек электронды режимде көрсетеді. Осылайша, лауазымды тұлғалардың өтініш берушілермен тікелей байланысы жойылып, мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде «бір терезе» қағидаты сақталды.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау функцияларын іске асырудың ашықтығы бөлігінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін бейнетіркегіштерді кезең-кезеңімен сатып алу жұмысы жүргізілуде. Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит мемлекеттік бақылауға балама ретінде табысты қолданылады.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында қуат үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелерінде тексеру парақтарындағы талаптар қайта қаралып, қысқартылды.
ТЖМ қызметіне конкурстық іріктеу тетіктері енгізілді. Кандидаттарды іріктеу кезінде бастапқы кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға бейім азаматтарды анықтауға мүмкіндік беретін полиграфологиялық зерттеу нәтижелері міндетті түрде ескеріледі.
Біз мемлекеттік материалдық резерв және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі қайта қосылған комитеттердің қызметін ескере отырып, барлық жемқорлық тәуекелдеріне нақты «барлау» жүргіземіз. Жалпы, біздің өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – өз денсаулығы мен жанын пида ететін батырлар. Төтенше жағдайлар жүйесіндегі ешбір тұлға ашкөздікпен «жемсауыт» жасап, азаматтық қорғау жүйесіне көлеңке түсіруге құқығы жоқ, - деді ТЖ министрі Юрий Ильин.
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев азаматтық қорғау органдарында жемқорлықты төмендету үрдісінің байқалып отырғанына назар аударды.
Егер басшылар адал болса, онда олардың ортасы да адал болмақ. Сіздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі ұмтылысыңыз бен ерік-жігеріңіз елеулі өзгерістерге жол ашады деп сенемін, - деп атап өтті ол.
Жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарын нығайту үшін ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылды.