Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде ведомство басшылығының, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қатысуымен көшпелі кеңес өткізді.
Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов өз сөзінде министрлік жетекшілік ететін салалардағы елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне назар аударып, оларды жою бойынша жүйелі шараларды шұғыл қабылдау қажеттігіне назар аударды.
Экологиялық бақылау бөлімшелері қызметкерлері тарапынан жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау фактілерінің жиілеп кетуі үлкен алаңдаушылық тудырады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін заңмен белгіленген қомақты айыппұлдарды пайдакүнем қызметкерлер кәсіпкерлерге қысым көрсетуге және заңсыз сыйақы талап етуге пайдаланады, – деп атап өтті ол.
Өз кезегінде, агенттіктің Превенция қызметінің басшысы М. Төлеубаев соңғы 3,5 жылда министрлік жетекшілік ететін салалардағы жемқорлық фактілері бойынша 80-ге жуық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сотқа жібергенін айтты.
Мысалы, осы жылы 6 қыркүйекте сот үкімімен 30 млн теңге көлемінде пара алған Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының м. а. А. 11 жылға бас бостандығынан айырылды. А-ға үкім шығарылған күні талапты қайтарып алуға ықпал еткені үшін 50 млн теңге көлемінде пара алу кезінде бас экологиялық инспектор – осы облыстың экология департаменті басшысының орынбасары Т. ұсталды. Әрбір қылмыстық құқық бұзушылық бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін нақты себептер мен жағдайларды анықтау қажет, - деп түйіндеді Төлеубаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешев әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша министрлікте тәртіптік шаралар қабылданатынын айтты. Ол барлық деңгейдегі басшыларға сеніп тапсырылған саладағы қызметкерлер арасында жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша жұмысты күшейтуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның талаптарын және жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау туралы барлық деңгейдегі басшылар қабылдаған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауды, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуді тапсырды.