Антикор: Аудан әкімдігі елордада жоқ бағаға пәтер сатып алуды жоспарлаған

9 Шілде 2021, 11:45
1582
Бөлісу:
Антикор: Аудан әкімдігі елордада жоқ бағаға пәтер сатып алуды жоспарлаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жарты жылдықтағы қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты.

Қазіргі уақытта Агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп конкурстар бойынша сатып алу бағаларына мониторинг және талдау жүргізуде. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімдігі ауданы 40-тан 60 шаршы метрге дейінгі пәтерді 30 млн теңгеге сатып алуды жоспарлады. Мұндай бағалар тіпті елордада да жоқ екені анық. Біздің ұсынысымыз бойынша баға 6 есеге төмендеді, – деді
Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ ол өткен жылы 40 млрд теңге артық шығындар анықталса, биылғы бірінші жарты жылдықта 36 млрд теңге анықталғанын айтты.

Біз көрсеткіштің өсуі туралы жетістік деп айтамыз, бірақ іс жүзінде бұл проблемалық сигнал. Бағаны көтеру – алдағы уақыттағы пара алу мен қайтару үшін алғашқы қадам, - деп атап өтті Антикор басшысы.

Ол бұл мәселені шешу үшін Агенттік мемлекеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу порталдарын біріктіруді, бюджеттік өтінімдерді орналастырудың жариялылығын, біртекті тауарлар үшін бірыңғай ерекшелік пен бағаны белгілеуді, сондай-ақ бюджет қаражатын бөлуден бастап игеруге дейін сүйемелдеуді енгізуді ұсынғанын атап өтті.

Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл бастамалардың барлығын Мемлекет басшысы қолдап, үкімет тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы