Darkhan Juzz лақап атымен танымал музыкант Дархан Жүнісбеков 31 жасында өмірден өтті, деп жазады BAQ.KZ.
Ақпаратты ozen лейблі растады.
Darkhan Juzz (шын аты — Дархан Жүнісбеков) — 31 жаста, Алматы қаласының Ақсай елдімекенінде өмірге келген. Qazaq indie жанрында ән жазатын музыкант тыңдармандарға Sheker, Erikpe, Uide сияқты әндерімен танымал.
ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Дарханның еліне бергенінен берері көп, қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосатын азамат болғанын атап өтті.
Қаралы хабар естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Дарынды әнші Darkhan Juzz Дархан Жүнісбеков өмірден өтіпті. Дархан қазіргі заманғы қазақ музыкасының жарқын өкілі еді. Жарқырап жанып келе жатқан жұлдыздың мезгілсіз ағып түскені қабырғамызды қайыстырды. Еліне бергенінен берері көп, қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосатын азамат болатын. Амал нешік, ажал оны арамыздан ерте алып кетті. Алдың жарық, топырағың торқа болсын, Дархан! Сенің жарқын бейнең өнеріңді қадірлейтін жұрттың жүрегінде мәңгі сақталады!, - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
BAQ.KZ редакциясы әншінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады.