Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуі кезінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.
Оның айтуынша, экстрокорпоралды ұрықтандыру қызметін көптен бері бала сүюді армандап жүрген отбасылар ғана емес, жалғыз басты әйелдер де жүгіне алады.
Квотаны медициналық тұрғыдан осы процедураны қажет ететін, жасанды ұрықтандыру жасауға эндокриндік статусы сай келетін 18-42 жас аралығындағы әйелдер ала алады. Ол үшін жергілікті жердегі медициналық мекемеге жүгініп, кеңес алу қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қатысушылары қызметті тегін пайдалана алады, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота санын жеті мыңға жеткізуді тапсырды. Биыл «Аңсаған сәби» аясында Президент тапсырмасына сәйкес, квота жыл сайын бөлінетіні туралы жазған болатынбыз.