Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Келесі аптада сол квоталарды үлестіру жұмыстары басталады. Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Tansholpan» бағдарламасында айтты.
Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 10 «ECOMED» клиникасы және 4 лаборатория жұмыс істейді.
Мақсатымыз - соңғы технологияларды халыққа бір қадам жақындатып беру, өйткені Қазақстанның аумағы үлкен. Бедеулікті емдеу бір күндік жұмыс емес, кейде бір ай, кейде бірнеше айға, тіпті бір жылға созылуы мүмкін. Клиникаға келіп-кету де көп уақытты қажет етеді. Сол себепті орталық санын көбейттік. Әр облыс орталығында «ECOMED» клиникасы бар. Ең ірі орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында орналасқан, - дейді Салтанат Байқошқарова.
Оның айтуынша халық сауаттылығы өсіп, өмірге дені сау ұрпақ алып келу мақсатында жастар арасында генетикалық диагностикаға сұраныс артқан. Дәрігер әлемде экоға қажетті заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтардың барлығы Қазақстанда да бар екендігін жеткізді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, «Аңсаған сәби» бағдарламасы келесі аптадан бастап үлестіру жұмыстарын бастайды. Былтыр 1000 квота берілсе, қазір ол 7 есеге көп. Бұл - көптеген отбасыға берілетін мүмкіндік. 3500 квота осы қаңтар айында беріледі, қалған жартысы маусым айында беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша бағдарлама 18-42 жас аралығындағы тұлғаларға арналған. Талап бойынша аналық бездегі қор жеткілікті болуы керек және фолликулдар саны 6-дан асу керек, - деді маман.
Сонымен қатар дәрігер 2012 жылдан бері жұмыс нәтижесінде тапсыруға тиісті анализдер саны қысқартылғанын хабарлады.
Мемлекеттік құжатты өзгерту оңай емес. Әріптестерімізбен бірге дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып, дәлелденген соң, тексеру анализдері екі есеге азайды. 2020 жылдың 15 желтоқсанынан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығы шықты, - деді ол.
Раушан АРМАНҚЫЗЫ