Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Анкарада Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстан-Түркия достық қауымдастығы және Ахмет Ясауи қорының ұйымдастыруымен «Н. Назарбаевтың тарихи шешімі және Қазақстанның болашағы» тақырыбында жиын өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А. Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу, Ахи Евран университетінің профессоры К. Зорлу, Қазақстан-Түркия достық қауымдастығының төрағасы Ф. Будак, Ахмет Ясауи қорының төрағасы Н.К. Зейбек, Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, Түркияда білім алып жатқан қазақ жастары және қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.
Жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде А. Сапарбекұлы Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан басшылығына қиын-қыстау кезеңде келіп, көптеген проблемаларының салдарынан мемлекет болып аяққа тұра алмайтыны болжанған елді қысқа мерзімде халықаралық аренада абыройлы мемлекетке айналдыру жолында жасаған еңбегі туралы айтып берді. Жуырда Н. Назарбаевқа әрі Түркі кеңесінің, әрі ЕАЭО Жоғары еуразиялық экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағының берілуінің елімізге және Елбасыға деген құрметтің жарқын көрінісі екндігінің астын сызды.
Елші Н. Назарбаевтың мемлекет құрылысы кезеңінің аяқталып, жаңа кезеңге аяқ басу сәті туғанда ел басқаруын жас буынға тапсыру туралы шешімді қабылдағанын, осы тұрғыда алдын ала тиісті дайындық жүргізгенін және 19 наурызда отставкаға кету туралы тарихи шешімін жариялағанын айтты. Бұдан кейін А. Сапарбекұлы Н. Назарбаевтың бұл шешімінің себептеріне тоқталып өтті.
Елші Сапарбекұлы 9 маусымда сайланатын жаңа Президенттің Н. Назарбаев кезеңінде қол жеткізілген жетістіктерді сақтайтынына, ішкі және сыртқы саясаттағы сындарлы бағытты жалғастыратынына деген сенімін білдірді.
ТР Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу да жиын тақырыбы бойынша өз ойымен бөлісті. Оның ойынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде Н. Назарбаев Қазақстанның Еуразияда елеулі күшке және халықаралық аренада абыройлы елге айналуына қол жеткізді. Я. Топчу Н. Назарбаевты тек Қазақстанның ғана емес, жалпы Түркі әлемінің көшбасшысы деп биік баға берді.
Сонымен қатар, Я. Топчу Н. Назарбаевтың отставка жөніндегі шешімін жабырқаулықпен қабыл алғанын, дегенмен мұны парасатты қадам деп бағалағанын айтып, алдағы сайлау қорытындысының Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарға жаңа серпін беретініне деген сенімін білдірді.
Алғашқы болып баяндама жасаған Ахи Евран университетінің профессоры К. Зорлу сөзін алдымыздағы айда қазақ және түрік тілдерінде «Н. Назарбаев көшбасшылығы» атты кітабының жарық көретінін хабарлаумен бастады. Ол қазіргі саясаттану ғылымына сәйкес, саяси көшбасшының бойында болуы тиіс қасиеттердің барлығының, атап айтқанда, болашақтың бағдарын белгілей алу, құрушылық және із қалдырушылық ерекшеліктерінің Н. Назарбаевтың бойында бар екенін айтты.
Профессор Зорлу Н. Назарбаевтың отставка туралы шешімін «тұрақты көшбасшылық» парадигмасы шеңберінде қарастырылу керек екендігін мәлімдеді. Оның ойынша, Н. Назарбаевтың «тұрақты көшбасшылығы» 2007 жылы ел басқару жүйесін президенттік үлгіден президенттік-парламенттік басқару тәртібіне ауыстыруға бағытталған конституциялық өзгерістерден басталған. Осы орайда ол Қазақстанның Тұңғыш Президентін «бүгінгі күннің Білге қағаны» деп сипаттады. Зорлу Елбасының өкілеттікті тоқтату туралы шешімінің түбінде мәжбүрлік емес, елінің алдағы кезеңде тап болуы мүмкін қиындықтардын алдын алу мақсатының жатқанын айтты.
К. Зорлу алдағы президенттік сайлаудың фаворитінің Қ. Тоқаев екендігіне назар аудара отырып, ол сайлауда жеңіске жеткен жағдайда үш маңызды мәселені қамтамасыз ететінін болжады. Атап айтқанда, алдағы уақытта Қ. Тоқаев Н. Назарбаев кезеңінде құрылған барлық институттарды сақтайды, жемқорлық мәселесін шешуге білек сыбана кіріседі және ел табысының әділ бөлінуін қамтамасыз етіп, орта таптың нығаюына жағдай жасайды.
Профессор Зорлу Н. Назарбаевты Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері елді кезең-кезеңімен жаңадан тұрғызған басшы ретінде сипаттап, оның тек өз елінің ғана емес, бүкіл бір аймақтың, бір дәуірдің үлкен көшбасшысы екенін атап өтті. Сондықтан, К. Зорлуның ойынша, отставканың тек Қазақстанға ғана емес, жалпы аймаққа және, тіпті, Түркияға да әсері болады.
Профессор Н. Назарбаевтың отставка шешіміне негізінен екі себеп түрткі болды деп есептейді. Біріншісі – сыртқы фактор. Екі ірі державамен көршілес, жер ауқымы аса үлкен, 18 миллион халқы бар және пайдалы қазбаға бай Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалу жеткіліксіз, сонымен қатар, бұл мемлекетті келер ұрпақтарға жеткізетін жүйені қалыптастыру қажет.
Екіншісі – ішкі факторлар және демократизация. Н. Назарбаев ел экономикасының дамуы белгілі бір дәрежеге жеткен соң, саяси жүйенің демократияландырылуы шараларын жүргізді. Зорлуның пікірінше, Н. Назарбаев билік транзитінің жай ғана президенттің ауысуы емес екендігін, бұл транзиттің орындалуына қажетті жағдайдың жаслуы керектігін, соның ішінде өз еркімен биліктен бас тартудың қажеттілігін терең түсінді. Осы орайда К. Зорлу Н. Назарбаевтың бағыт-бағдар беруімен Қазақстанда сайлаудан кейінгі кезеңде демократиялық өзгерістер үдей түседі деп болжам жасады.
Қазақстан-Түркия достық қауымдастығының төрағасы Ф. Будак болса, Н. Назарбаевтың аймақтық және әлемдік бейбітшілікке үлес қосу ұмтылыстарынан мысалдар келтіріп, Елбасының жүргізген саясатына терең тарихи және ұлттық сананың арқау болғанын мәлімдеді. Бұған мысал ретінде Тұңғыш Президенттің елорданы көшіруін, Қазақстан-2030 стратегиясынан бастап, бірнеше даму бағдарламасын іске асыруын, 2005 жылы жасаған Орталық Азия мемлекеттер одағын құру туралы ұсынысын, 2002 жылғы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Қазақстанның Қытаймен 1500 жылдық шекара мәселесін шешкені туралы сөзін келтірді. Баяндамашы Назарбаевтың осылайша өз елінің 1500 жыл бұрын Ұлы Даланың төсін жайлаған Түркі қағанатының мұрагері екендігін меңзегенін айтты.
Ф. Будак өкілеттікті тоқтату туралы шешімді оңды бағалап, Н. Назарбаев негізін қалап, аяғынан тік тұрғызған тәуелсіз Қазақстан жаңа кезеңде Елбасының сара жолын жалғастырады деген үмітін білдірді. Баяндамашы бұдан кейін де саясаттағы белсенділігін жалғастыратын Н. Назарбаевтың өтпелі кезеңнің жұмсақ өтуін қамтамасыз ететініне сенімін білдірді.
Соңғы болып баяндама жасаған Ахмет Ясауи қорының төрағасы және Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Н.К. Зейбек Н. Назарбаевтың отставкаға кетіп, ел басқаруына жаңа буын жетекшілерінің келуіне жол ашуын оңды бағалап, 9 маусымда өтетін сайлау Қазақстанның жаңа кезеңге аяқ басуының алғашқы қадамы болады деп мәлімдеді.
Н.К. Зейбек өзінің ҚР Президенті Н. Назарбаевпен алғашқы кездесулерінің естеліктерімен бөлісіп, алғашқы жолығуында-ақ Қазақстан басшысының қарапайым кісі емес, қазіргі заманның Білге қағаны екенін түсінгенін, «Түркі жұрты Ататүрік сынды көшбасшыға қауышты» деп ішінен қуанғанын еске алды.
Сонымен қатар, Зейбек Түркістандағы Қ.А. Ясауи университетінің ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен құрылған жалғыз жоғарғы оқу орны екенін арнайы атап өтіп, Елбасының әу бастан бері ортақ түркілік сана-сезімге ие болғанын айтты.
Ол Елбасының ғылымға үлкен мән беруін аса жоғары бағалап, шетелде білім алып, елдеріне қайтып келіп жатқан қазақ жастарымен қатар, елде ашылған алдыңғы қатарлы білім беру ошақтарының Қазақстан болашағының кепілі екеніне сенімін білдірді.
Н.К. Зейбек Елбасының Түркістан қаласының облыс орталығы атануы, облыс атауының Түркістан болып өзгертілуі туралы шешіміне тоқтала отырып, мұндай істерді тек данышпан көшбасшылар ғана жасай алатынын мәлімдеді.
Баяндамалардың артынан Башкент медициналық университетінің құрушысы, танымал қоғам қайраткері профессор М. Хаберал сөз алып, Ататүрік Түркия үшін жасаған еңбектерімен қандай ұлы тұлға болса, Н. Назарбаев та Қазақстан үшін сондай биік маңызға ие деген ойымен бөлісті. М. Хабералдың пікірінше, Елбасының өкілеттікті тоқтату туралы шешімі басқа елдерге үлгі боларлық қадам.
Сұрақ-жауап бөлімінде тыңдармандардың бірі К. Зорлуға бұдан бұрын жасаған мәлімдемелерінде Н. Назарбаевтың отставкасының Түркияға да ықпалы болады деп айтуын еске салып, бұл ықпалдың қандай түрде болатынын сұрады. К. Зорлу жауабында Қазақстанның президенттік-парламенттік басқару жүйесін қалыптастырып жатқанын, мұның Түрикяның да президенттік-парламенттік жүйеге өтуіне үлгі болуы мүмкін екендігін мәлімдеді.
Ортақ әліпбидің қалыптастырылуына қатысты қойылған сұраққа Н.К. Зейбек, біріншіден, түркі елдерінің латын әліппесіне өтуінің өзі әжептәуір күрделі мәселе екенін, Қазақстан халқының 70 процентін қазақтар құраған бүгінгі күні ғана латын әліппесіне өту туралы шешімді қабылданғанын еске салды. Екіншіден, оның ойынша, болашақта Қырғызстан да латын әліппесіне өткен уақытта ортақ әліппенің жасалуы мәселесін көтеруге болады. Сол кезде Түркия да тиісті қадамдарға барып, өз әліпбиіне қажетті өзгерістер енгізуді, мәселен, кейбір әріптерді қосуды қарастыруға дайын болуы керек.
Жиын барысында Қазақстанда 2019 жылғы 9 маусымда өтетін президенттік сайлау туралы толыққанды ақпарат алған қатысушылар бұл маңызды саяси оқиғаның еліміз үшін үлкен белес болатынымен келісті. Жиналған қауым алдағы сайлаудың Қазақстанның әрі қарайғы дамуы, қазақ-түрік қатынастары және жалпы Еуразия аймағы үшін жақсы нәтижелерді алып келетініне деген сенімдерін білдірді.
Жиын соңында баяндама жасаған сарапшыларға Қазақстанның Ұлттық банкі шығарған «Көкбөрі» коллекциялық монеталары тарту етілді.