Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Киевтегі Украина-Қазастан құрамалары арасындағы кездесуден кейін Украина бапкері Андрей Шевченко баспасөз мәжілісінде тілшілердің сауалдарына жауап берді.
Ешқандай пікір білдіруді қажет етпейтін ойын. Егер өз мүмкіндіктеріңді пайдаланбасаңдар, кез келген қарсылас жазалайтыны анық. Мені біраз нәрсе алаңдатады. Гол соғатын ұтымды сәттерді жіберіп алдық. Қазір біздің шалыс басқанымызды жазалайтындар көп. Қайта-қайта қарымта шабуылдан гол жібере беретін болдық. Бір ойында қауіпті 8-10 шабуыл ұйымдастырамыз, бірақ оны голға айналдыратын ешкім жоқ. Оның бәріне анализ жасаймын. Бізде уақыт бар. Қай бағытқа жылжу керектігін білемін. Жанкүйерлердің көңілінен шықпайтын мұндай нәтиже үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын, - деді ол.
- Қазақстаннан осындай ойын күттіңіз бе? Өйткені бірінші таймда Украина толықтай тізгінді өзінде ұстады. Ал екінші кезеңде қарсыластың қорғанысын бұзып жарып өту неліктен қиынға соқты?
- Маған Қазақстанның соңына дейін бар күштерін салып ойнағаны ұнады. Қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Бір ұпай еншіледі. Жарады деп айтуға болады. Біздікілер өз мүмкіндіктерін пайдаланбады. Ойынның нүктесін қоюға жеткілікті түрде шабуыл ұйымдастырдық. Бірақ қақпа кілтін таба алмай қойдық. Сондықтан Қазақстан құрамасын құттықтаймын.
Бұл - ақталу емес. Нақты фактілер. Қарымта шабуылдан гол жіберіп аламыз. Осы жөнінде командамен сөйлесемін. Маған толыққанды сараптама керек. Иә, жағдайды қиындатып алдық. Өз алаңымызда аз ұпай жинадық. Енді сыртта соның орнын толтыруды көздейміз.
Айта кетейік, 2022 жылғы Катарда өтетін әлем чемпионатының Еуропа аймағы бойынша іріктеу кезеңінде Қазақстан Киевте Украинамен тең түсті.