Андрей Лукин ҰҚШҰ Үйлестіру кеңесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің жанындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің қорғаныс және қауіпсіздік комитеттерінің төрағаларынан құралған Үйлестіру кеңесіне қатысты.
Шараға қатысушылар әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге ҰҚШҰ аясында қарсы тұру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, есірткі бизнесі және заңсыз көші-қонмен күрес мәселелерін талқылады.
Сенатор Андрей Лукин өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ҰҚШҰ-ға қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын іске асыру барысы және ол барлық мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тауып отырғаны туралы айтты.
Жетекші халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты тереңдету Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуіндегі негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленді. Осы бағытты жүзеге асыру аясында БҰҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның күш-жігері төрағалық ету кезеңінде ұйымда қалыптасқан сабақтастықты қамтамасыз етуге және барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне орай ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық жөніндегі жарғы бағыттарын жүйелі нығайтуға бағытталған, - деді Андрей Лукин.
Отырысқа қатысушылар сонымен қатар технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи апаттардан қорғау мәселелерін де талқылады.