Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Аңдар шаһары 2”: Disney компаниясының кезекті фильмі қазақ тілінде сөйлейді

Нұрқанат Атажан
26 Қараша 2025, 23:53
552
Бөлісу:
 Автордан
Фото: Автордан

Disney компаниясы өз қаражатына “Аңдар шаһары 2” фильмін қазақ тілінде дубляждады. Фильм елімізде 27 қарашадан бастап қазақ және орыс тілдерінде үлкен экрандардан көрсетіледі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

“Аңдар шаһары 2” фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасында актриса, блогер Сабира Жарасқызы басты кейіпкерлердің бірі Джуди Хоппсты дауыстады. Актер Бақытжан Әлпейіс – Милтон есімді кейіпкерді, сондай-ақ Асан Мәжіт – Капитан Буйволсонды, Еркебұлан Дайыров – Дәу Мырзаны дыбыстады.

“Енді “Аңдар шаһары” сынды танымал туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерістерді көрсететін маңызды оқиға. Балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, баршаға арналған әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді”, - деді Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Анимациялық фильмнің дубляж режиссері болған Шах-Мұрат Ордабаев мемлекеттік тілдегі фильмдерге тек кинотеатрлар ғана емес, онлайн-кинотеатрларда сұраныс артқанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл соңына дейін тағы бір фильм қазақ тілінде жарық көреді, ол – атақты режиссер Джеймс Кэмероннның “Аватар: от пен күл” фильмі.

Шах-Мұрат Ордабаев қазақ тілінде дыбысталған фильмдерге қатысты мәселе бар екенін де айтты. Айтуынша, кинотеатрлар қазақ тілінде дыбысталған фильмнің сеанстарын көбейтуден әлі де тартынады.

“Аңдар шаһары 2”: Disney компаниясының кезекті фильмі қазақ тілінде сөйлейді

“Қазақша фильмдерге сұраныс бар. Кинотеатрлар – жекеменшік кәсіп болғандықтан, олар бірінші кезекте табысты ойлайды. Бірақ халық қолдауы артса, жағдай өзгеруі мүмкін”, – деді ол.

Айта кетейік, бұл – биыл Disney-дің қазақ тілінде “сөйлеткен” төртінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды. “Қазақ тілі” қоғамының ұйытқы болуымен былтырдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады.

Өзгелердің жаңалығы