АҚШ-тың Финикс қаласында полицейлер бірнеше күн бойы жалғыз қалған сәбиді тірі тауып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
Сәбидің анасы пәтер ішінде қайтыс болып кеткен. Оқиға 2025 жылдың 14 мамырында тіркелген. Полиция қызметкерлері көршілердің шағымынан кейін әйелдің жағдайын тексеруге барған.
Көршілердің айтуынша, әйел жақында ғана босанған. Алайда бірнеше күн бойы көзге көрінбеген, байланысқа шықпаған.
Пәтерді тексеруге келген тәртіп сақшылары терезеден ішке қарап, әйелдің еденде қозғалыссыз жатқанын байқаған. Содан олар дереу есікті бұзып пәтерге кірген.
Төсекте жатқан сәби жылауға да шамасы келмейтіндей әлсіреп, арықтап кеткен күйінде табылған. Полиция қызметкерлері баланы дереу жедел жәрдемге тапсырған.
Қызметкерлер алдыңғы есікке жүгіріп келіп, оны ашты. Олар сәбиді құтқарып, жедел жәрдемге тапсырды. Баланы ауыр халде ауруханаға жеткізді, – дейді Финикс полиция департаментінің өкілі сержант Брайан Бауэр.
Сержант көршілердің дер кезінде полицияға хабарласқанын жоғары бағалады.
Бұл полицияның кәсіби әрекетінің және тұрғындардың бір-біріне селқос қарамай, күмәнді жағдайға дер кезінде әрекет етуінің арқасы. Егер полиция көмекке кеш келгенде, сәби тірі қалмас еді, – деді Бауэр KPHO телеарнасына берген сұхбатында.
Қазір сәбидің болашағына қатысты мәселелермен Балалар қауіпсіздігі департаменті мен туыстары айналысып жатыр.
Анасының өліміне не себеп болғанын анықтау мақсатында тергеу жүргізілуде. Оның аты-жөні әзірге жария етілген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін сәбиді саудалаған медбике мен бірнеше адамға жаза тағайындалған еді.