Ақтөбе тұрғыны Жұлдыз Тлеуфке мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылық қорына аударған қаражаттары арқылы үш бөлмелі пәтер сыйланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әйелдің өміріндегі резонанс тудырған оқиғадан кейін қайырымдылық ұйымы Жұлдыз бен оның балаларына көмек көрсетуге шешім қабылдап, оларға екінші нарықтан жаңа пәтер сатып алды.
Отбасы жаңа пәтерге көшіп, қоныс тойға барлық қол ұшын берген, әлеуметтік белсенді азаматтарды шақырды.
Алматыдан белсенді Ақмарал Басированың айтуынша, билік Жұлдыз Тлеуфке жалдамалы тұрғын үй ұсынуды жоспарлаған, бірақ әкім ауысқан жағдайда пәтер олардың меншігінде қала ма деген күмән болған.
Еске салсақ, ақтөбелік Жұлдыз Тлеуф отбасына қатысты оқиға қазақстандықтар арасында кең резонанс тудырған. Бұл әлеуметтік желілерде үлкен қызы Құралай Есболованың жазған видеосы арқылы белгілі болды.
Видеода қыз өз төрт сіңлісі мен бауырының ортасында анасына көмек сұрап, «ана отбасылық жанжалдан кейін күштеп психиатриялық орталыққа орналастырылған, әкесі алкогольге әуес болғандықтан оларды тастап кеткен» деп айтқан.
Қоғамдық резонанстан кейін Жұлдыз Тлеуфті Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының дәрігерлері тексеріп, оның денсаулығы қалыпты деп танылды.
Әйел қайтадан балаларымен қауышып, осы уақыт бойы олар жалдамалы үйде тұрған.
Балалар колледж бен мектепте оқып жүр, кішкентай бала балабақшаға барады. Жұлдыз Тлеуфтің ата-аналық құқықтары шектелген жоқ.