Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Анамызды жындыханаға жатқызды": Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайға араласты

17 Қазан 2025, 14:14
2957
Бөлісу:
 видеодан скриншот
VIDEO
Фото: видеодан скриншот

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ақтөбедегі "Аяла" уақытша орналастыру орталығына түскен кәмелетке толмағандардың видеоүндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бес баланың айтуынша, аналары мұраға қатысты жанжал салдарынан мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылған.

Қазақ халқы, біз сіздерден көмек сұрап осы видеоны жазып отырмыз. Біз бір отбасының бес баласымыз. Қазір Ақтөбе қаласындағы “Аяла” балалар орталығындамыз. Бір күннің ішінде анамызды өзіміздің туысымыз, апамыз Тілеуова Жанна деген кісі психбольницаға жатқызып тастады. Ал бізді осы орталыққа жіберді. Біз негізі нағашы әжеміздің қолында тұрып жатқанбыз. Нағашы апамыз үйді сатпақ болып, үй тәркіленді, содан кейін туыстар арасында мүлікке талас басталды. Апаларымыз мамамызға үйден “отказной” жазғызып, бізді әрі сыйдыртпай, бері сыйдыртпай, ақырында анамызды бір күннің ішінде психбольницаға жіберді. Сіңілім екеумізді де “бастары істемейді, ауру қыздар” деп шығармақ болған. Бірақ қазір біз “Аяла” балалар орталығындамыз. Бізді әрі қарай балалар үйіне бөліп жіберуі мүмкін. Біз қатты қорқамыз. Бізге көмектесетін, артымызда тіреу болатын ешкім жоқ. Ешқандай ер азамат, ешкім жоқ. Әкеміз ішетін адам, бізді іздеп келген емес. Ол кісі көмектеспейді. Осы уақытқа дейін бізді анамыз өсірді. Мамамыз ешқандай да ауру емес, – дейді балалардың үлкені видеода.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселе назарда екенін, сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен Ақтөбе облысы әкімдігінің бақылауында екенін хабарлады.

Қазіргі таңда балалар кәмелетке толған әпкесімен бірге қауіпсіз жерде. Облыстық басқарма мамандары отбасының тұрғылықты жеріне барып, жағдайды тексерді. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық, тұрмыс жағдайы белгіленген нормаларға сай, – делінген комитет хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, балалардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету мәселесі жағдай толық шешілгенге дейін тұрақты бақылауда болады.

Өзгелердің жаңалығы