Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі журналист-жазушы Қали Сәрсенбай республикалық «Ана тілі» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Ол бұған дейін «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.
Қали Қошқарұлы СӘРСЕНБАЙ 1959 жылғы 22 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын «Лениншiл жас» газетiнде (қазiргi «Жас Алаш») корректор болып бастап, осы басылымда 1987 жылға дейiн тiлшi, аға тiлшi болып iстедi.
1987-1988 жылға дейiн «Өркен – Горизонт» газетiнде жауапты хатшы, 1988 жылдан «Жетiсу» газетiнде жауапты хатшының орынбасары болды. 1990-1995 жылдар аралығында «Егемен Қазақстанда» тiлшi, аға тiлшi, бөлiм бастығы қызметiн атқарды.
1995-1997 жылдары «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары. 1997-2005 жылға дейiн «Жас Алаш» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары болып еңбек еттi. 2005 жылғы 23 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін «Алматы ақшамы» газетiнiң бас редакторы болды.
«Өнер-өмiр», «Сендердi сағынғанда», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Абыз-аңыз», «Шер-шындық» атты кiтаптардың авторы.