Анықтама
Жұрынов Мұрат Жұрынұлы
3390Қазіргі лауазымы: Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті
- Туған жылы: 1941 жылы 7 желтоқсан
- Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген.
- Білімі: Қазақ химия-технологиялық институтын (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) бітірген,
- химия ғылымдарының докторы, профессор (1981 ж.),
- Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүшесі (1989ж.),
- Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері (2003 ж.),
- Тәжікстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының шет елдік мүшесі (академигі), бірнеше Халықаралық ғылым академияларының мүшесі (2010 ж.),
- ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңесінің мүшесі, ҚР Үкіметінің жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының, ҚР Ғылым және білім министрлігі алқасының мүшесі,
Қазақ химия-технологиялық институтын оқытушы (1964-1966 жж.) болып істеді, одан кейін Мәскеудің Д.И. Менделеев атындағы химия - технология институтының (Ресей химия-технологиялық университеті) аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертация қорғады (1967-1970 жж.). Содан кейін Қазақ химия-технологиялық институтында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып қызмет атқарды (1970-1982 жж.). 1981 ж. Мәскеу қаласында докторлық диссертация қорғап, сол жылы профессор атағын алды. 1982 ж. Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, 1985 ж. Қазақстан Ғылым академиясының Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, 1991 ж. Қ.А. Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің ректоры, 1995 ж. Қазақстан Республикасы Білім министрі, 1997 ж. Қ.А. Ясcауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті (1997-2001 ж.) қызметтерінде болды. 2001-2007 жж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. 2003 ж. және 2008 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті болып сайланды. 2010 ж. сәуір айынан бастап 2014 ж. сәуір айына дейн Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылым саласы бойынша проректоры қызметін қоса атқарып келді. 2015 ж. маусым айынан бастап – Түркі әлемінің Ұлттық ғылым академиялар одағының президенті. 2016 ж. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды (қоғамдық негізінде).
Академик М.Ж. Жұрыновтың негізгі ғылыми бағыты – электрохимия саласы, оның ішінде табиғи қоспалар негізінде белгілі дәрілік және жаңа биологиялық белсенді заттарды электросинтез тәсілдерімен алу. Алкалоидтарды (наркотин, тебаин, сальсолин, афилин, соласодин т.б.) әртүрлі электрохимиялық әдістермен зерттеп, олардың электохимиялық процесстерінің механизмдерін анықтады.Оларды жан-жақты зерттей отырып (вольт-амперлік, спектральды, квантты-химиялық және т.б. тәсілдер), қатты электродтарда жүретін тотығу реакциясы кезінде алкалоидтардың молекулаларының құрамына әртүрлі функционалдық группаларды (гидроксилды, метоксилды, этоксилды т.б.) енгізу арқылы жаңа фармакологиялық белсенді заттарды (опиан қышқылы, котарнин, пахикарпин және т.б.) алу әдістері мен оларды синтездеудің электрохимиялық технологиясын жасап, оны өндіріске енгізді. Мәскеудегі Д.И.Менделеев атындағы химия-технологиялық институтында 1981 жылдың қаңтарында «Электрохимиялық технологиялар» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады. Сол жылы ғылыми-әдістемелік еңбектері үшін оған профессор атағы берілді. М.Жұрыновтың ғылыми жетекшілігімен мыс, никель, темір мен кобальт фосфидтері сияқты қорғаныс өндірісі үшін қажетті заттарды алу технологиясы жасалды. Өзінің шәкірттерімен бірге нанокристалды ультрадисперсті металл ұнтақтарын алудың электрохимиялық әдістері жасалып, оның біріне авторлардың есімдері (Баешов-Жұрынов әдісі, А.С. №1441833, 1989) берілді, «КСРО өнертапқышы» медалімен марапатталды.
М.Ж. Жұрынов фосфор өндірісінің жанама өнімдері феррофосфор және фосфорлы қалдық (шлам) сияқты заттарды өңдеудің электрохимиялық технологиясын жасап, өндіріске ірі экономикалық эффектімен енгізді. Феррофосфорды электрохимиялық тәсілмен еріту арқылы (биполярлы бөлшекті электродтарды қолдану арқылы) темір фосфатын, сондай-ақ жоғары сапалы болат өндірісінде қоспа ретінде қолданылатын вольфрам, молибден және ванадий алу технологиясын жасап, өндіріске енгізді. Фосфорлы қалдықтан таза фосфор мен мыс фосфидін өндірудің жоғары тиімді өндірістік қондырғысын жасады. Автордың бұл тәсілдері үшін АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Венгрия мемлекеттері арнайы патент берді.
Академик М.Жұрыновтың басшылығымен өндірістердің кірленген және қалдық суларын жиілігі әртүрлі өзгермелі электр тоғын қолдана отырып, кесек биполярлы электродтары бар электролизерлерде өңдеу арқылы тазалау технологиялары өндіріске енгізілді. Қолданыстағы электрохимиялық тотықтыру тәсілі арқылы ерімейтін металдарды (титан, алюминий және т.б.) еріту тәсілі жасалды. Бұл зерттеулердің барысында бұрын-соңды белгісіз құбылыс-әдетте тез пассивацияға ұшырап, анодта ерімейтін металдар электролиз кезінде де, тіпті электр тоғы тоқтатылғаннан кейін де постэлектролизді автоеру процесі табылды. Бұл процесс табиғатта бұрын-соңды белгісіз болғандықтан ғылыми жаңалық (открытие) болып табылады.
М.Жұрынов 20 ғылыми монография, 770-ке жуық ғылыми еңбектер жариялап, 143 авторлық куәлік пен патентке ие болды. Оның жетекшілігімен 32 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы диссертация қорғап, 2 шәкірті ҚР ҰҒА академигі болып сайланды.
М.Жұрыновтың ғылыми еңбектері шет елдерде де жоғары бағаланды: оған Джорджтаун (Вашингтон) университетінің құрметті профессоры атағы (1996 ж.), Түркия (Анкара) жазушылар одағының (2001 ж.) сыйлығы, Токио университетінің (2001 ж.) алтын медалі, Франция ғылыми өндірістік қоғамының (2003 ж.) және Украина « Алтын фортуна» ғылыми-өндірістік қоғамының (2006 ж.) алтын медальдары тапсырылды. Сонымен қатар ол Әл-Фараби атындағы КазҰУ, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚарМТУ және т.б. университеттерінің құрметті профессоры.
М.Жұрынов ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен (1991ж.) ашылған Қ.А. Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің бірінші ректоры болды. Ол университет 1993 ж. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті болып қайта құрылды. Еліміздің бірінші халықаралық университетінің құрылуына және оның жылдам дамуына М. Жұрынов орасан зор үлес қосты. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті М. Жұрыновтың басшылығымен 10 жыл ішінде республикада жетекші ірі университеттердің біріне айналды. Түркиядан 100 млн-ға жуық АҚШ долларын құрайтын, кері қайтарылмайтын, жәрдем қаржы тартылып, Түркістанда 30 корпустан тұратын университет қалашығы салынды. Ол Түркістан қаласының көркейіп, дамуына да әсер етті.
2001-2007 жж., 2013 ж. бастап Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры. Осы жылдарда институттың жылдық қаржы көлемі бес есе артты, шетелдерге патенттер сатылып, өндіріске еңгізілетін технологиялар жасалды. Батыс Еуропа елдерінің моделінде дамып келе жатқан ҚР Ұлттық ғылым академиясы да М. Жұрыновтың басшылығымен елеулі табыстарға жетуде.
Академик М. Жұрынов 1985 ж. бері мемлекеттік органдар мен мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда бірінші басшы қызметін (министр, ректор, директор, президент) абыроймен атқарып келеді. Әріптестері оның іскерлігі мен терең біліктілігін, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын жоғары бағалайды.