«Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – әр өңірден, әртүрлі саладан мамандар жиып, түрлі пікір мен ұсынысты ескере отырып, ортақ шешім шығару»

Кеңседе, корпоративті секторда істейтіндер біледі, күніне не аптасына бір рет жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылап, жаңа ұсыныстар айтылып отырса, жұмыс өнімді болады. Бұл тек компаниялар мен ұйымдарға ғана емес, мемлекетке де қатысты нәрсе. Ай сайын болмаса да, жыл сайын бір бас қосып, елдегі өзекті мәселелердің басын бір шалып өтіп, лайықты шешім табуға тырысу – керек-ақ нәрсе.

Осы тұста бірден ойға Ұлттық құрылтай оралады. Тоқаевтың бастамасымен сонау 2022 жылдан бері өтіп келе жатқан Ұлттық құрылтай биыл 4-ші рет өткелі отыр. Бұған дейін Ұлытау, Түркістан мен Атырауда өткен алқалы жиын биыл басын Көкше жеріне бұрған. 14 наурызда Бурабайда ел болашағы үшін маңызды мәселелер көтірелмек. Президент сөз сөйледі деп күтілуде. Оны баспасөз хатшысы жариялады.

️Жалпы, Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – әр өңірден, әртүрлі саладан мамандар жиып, түрлі пікір мен ұсынысты ескере отырып, ортақ шешім шығару. 

Осыған дейінгі отырыстардан шыққан нәтиженің ішінде Қазақстан мәдениетін ел ішінде және шетелде насихаттау қарқынды жүріп жатыр. «Беташар» ұлттық дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Сондай-ақ БҰҰ-ның алты ресми тілі мен қазақ және түрік тілдерін қамтитын «Qazaq Culture» сегіз тілде ақпараттық-білім беру платформасы іске қосылды.

Былтыр шетелде қазақ қайраткерлерінің есімдері ұлықталды. Түркіменстанда, Тәжікстанда, Татарстанда Құрманғазы мен Абайдың ескерткіштері мен бюсттері орнатылды. 2024 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің 90 жылдығы, Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы, Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90 жылдығы, Герольд Бельгердің 90 жылдығы, Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы кеңінен атап өтілді. Бұның бәрі осы Құрылтайда көтерілген мәдени бастамалардың аясында өткен іс-шаралар. Ұлы азаматтарымыздың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақтың санасына қазақ мәдениетін сіңіріп, шетелдіктерге өз мәдениетімізді таныстырып жатырмыз.

Енді мәдениеттен білім беру саласына бет бұрсақ. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі реформаланды. Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Биыл, тіпті, жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды.

Жұмысшы мамандықтарға ерекше көңіл бөлініп жатқанын мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ қосылғанына қарап та білуге болады. Олардың арасында ғалымдар мен өнертапқыштар, инженерлер, сәулетшілер мен құрылысшылар, кеншілер, геологтар, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы саласының қызметкерлері бар.

Бұдан бөлек медицина, заң, білім беру, әлемуеттік салаларда да қабылданып жатқан өзгерістер жетерлік. Қорыта айтқанда Ұлттық құрылтай елге берері көп алқалы жиын. Күлтөбенің басында жиын жасап, ел қамын деген балаларымыздың бүгінгі қалған жұрнағы десек те болады.

Алдағы Көкшетаудағы жиыннан күтеріміз көп. Бұл жолы да нәтижелі кездесу болады деп күтеміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы