«Осы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруға келгеніне тура 6 жыл толады»

Тоқаевтың алты жылы. Экономикалық картина қалай өзгерді?

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов өз мақаласында соңғы алты жылда атқарылған жұмыстарды ауқымды түрде шолып өткен екен. Осы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруға келгеніне тура алты жыл толады. Оның президенттігі 10 жыл болады деп топшыласақ, демек осы жолдың бел ортасынан жүріп өттік. Сондықтан қандай нәтижеге жеттік, қазір ауыз толтырып не туралы айта аламыз деген сұрақтарға жауап іздей бергеніміз дұрыс.

2027 жылдары Қазақстан табысы жоғары мемлекеттер категориясына кіруі тиіс. Қазіргі Жалпы ішкі өнім 288 миллиард доллар. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.

Біз мұнай-газ химиясы секторын жолға қоя алдық. Қазақстан полимерлер, композиттік материалдар мен химиялық реагенттер өндіретін елдер қатарына қосылды. Атыраудағы KPI зауыты полипропиленнің ірі өндірушісіне айналды.

Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды.

Соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті. Экспорт құрылымында өңделген тауарлар үлесі артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың шетел нарықтарына экспорты 28,8 миллиард долларға жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі де барған сайын азайып жатыр. 2018 жылғы үлесі 74,5% болса, қазір 63,5%-ға дейін төмендеген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылында Қазақстан экономикасы орташа есеппен 18,11 миллиард долларға өсіп отырған. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 179,3 миллиард доллларға бағаланды. Ал 2024 жылды біз 288 миллиард доллармен аяқтадық. Енді тура осы динамиканы сақтап отырсақ, президент өкілеттілігі аяқталатын 2029 жылы ішкі жалпы өнім 378,55 миллиард долларды құрауы мүмкін. 

Қазір біздегі халық саны 20 286 084 адам. Орта есеппен бір жылда 380 мың адамға көбейіп отырмыз. Сонда 2029 жылы Қазақстан халқының саны 22 180 000 адам болуы тиіс. Демек адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 17,5 мың долларды құрайды деп болжауға болады. Сонда еліміз 10 жылдың ішінде кемінде екі есеге қуатты бола түспек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы