«Былтыр мемлекеттік шығыстар 25 трлн теңгеге жетсе, салықтық түсімдер 16 трлн теңге шамасында ғана болды. Демек бюджетте 9-10 трлн теңге көлемінде тапшылық бар»

Қазақстанда салық саясатына қатысты реформалар әлдеқашан қолға алынуы тиіс еді. Яғни, соңғы он жылда салық жүктемесін кезең-кезеңімен арттырып отыру қажет болатын. Себебі қазіргі таңда республикалық бюджет тапшылығы айтарлықтай жоғары. 2024 жылы мемлекеттік шығыстар 25 трлн теңгеге жетсе, салықтық түсімдер 16 трлн теңге шамасында ғана болды. Демек, бюджетте 9-10 трлн теңге көлемінде тапшылық бар.

Бұл айырмашылықтың орнын толтыру үшін Ұлттық қордан қаражат аударылады. Өткен жылы қордан бюджетке 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Экономикамызда 4%-дық өсім тіркелгенімен, Ұлттық қордан әлі де қомақты қаражат алуға мәжбүрміз. Салыстырып қарасақ, пандемия кезінде ішкі жалпы өнім -2,6%-ға дейін құлдыраған кезде, бюджетке Ұлттық қордан 4,7 трлн теңге аударылған еді. Ал қазір экономика өсіп жатқанымен, трансферт көлемі керісінше артып отыр.

Осы үрдіс жалғаса беретін болса, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтпасақ, қаржы тапшылығы ушығып, экономикалық дағдарысқа ұрынуымыз мүмкін. Сондықтан салықты арттыру – қажетті қадам. Әсіресе, мұнай-газ секторындағы ірі кен орындарының салықтық жүктемесін қайта қарау маңызды. Бұған қоса, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен жеке табыс салығының мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру мәселесін қарастыру қажет. Мысалы, Ресей бұл бағыттағы реформаларды ертерек қолға алып, ҚҚС мөлшерлемесін біршама жоғары деңгейде белгілеген.

Дегенмен Қазақстанда инфляцияның қарқыны күшейіп кеткенін ескерсек, салық мөлшерін бірден арттыру халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мәселе тек салықты көтеруде емес, оны қаншалықты біртіндеп және жүйелі жүзеге асыруда болып отыр.

Инфляцияны тежеудің және халықтың төлем қабілетін сақтаудың негізгі жолы – отандық өндірісті дамыту. Азық-түлік бағасының өсуін тежей алу үшін, ең алдымен, ауыл шаруашылығына басымдық беру қажет. Шаруа қожалықтары сапалы тұқыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар делдалдардың бағаға алыпсатарлықпен әсер етуіне жол бермеу керек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәселеге ерекше назар аударуы қажет.

Үкімет осы бағыттарға басымдық берсе, баға тұрақтанып, инфляция деңгейі төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар экономикалық саясатты тиімді жүргізу үшін Ұлттық банкпен тығыз ынтымақтастық қажет. Бюджеттік тұрақтылық пен қаржы нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін салықтық өзгерістер макроэкономикалық көрсеткіштермен үйлесімді болуы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы