+4

«АҚШ үкіметі президенттер ауысқанның өзінде де әлемдік гегемонияда өзінің орнын Қытайға бермеуге және Қытайдың басып озуына кедергі келтіруге тырысады»

Жалпы Ақш пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы осыдан жеті жыл бұрын басталған болатын. Екі ел арасындағы қақтығыс Трамптың бірінші президенттігі кезінде басталды. Қазір Трамптың екінші президенттігінде бұл оқиға жалғасып жатыр. Әрине, Джо Байден кезінде де Қытай мен АҚШ-тың арасы жыли қойды деп айта алмаймыз. Дегенмен нақты осы қақтығыстың өршуі АҚШ-тың Қытай кемелерін порттарға кіргені үшін бір жарым миллион доллар көлеміндегі баж салығын салғаннан кейін тіптен шиеленісіп кетті.

Одан бөлек, екі ел бір-біріне бірнеше рет тариф енгізді. Бұл тек Вашингтон мен Пекиннің арасындағы сауда-саттыққа емес, сонымен бірге жаһандық жеткізу тізбектеріне кері әсер етті. Мысалы, былтырғы желтоқсан айында Қытай сирек кездесетін металлдардың АҚШ-қа экспортын шектеген болатын. Бұл қақтығыстың енді жалпы қашан аяқталатынын болжау қиын. Өйткені екі ел арасындағы қандай да бір келіссөздер қазіргі таңда нәтижесіз болып отыр.

Бұған қоса, аталған сауда қақтығысының әлемдік экономикаға әсері бірнеше бағытта көрініс табады.

Біріншіден, әлемдегі ең ірі экономикалық елдер арасында сауда көлемі төмендейді. Болжам бойынша тариф енгізу жалғаса беретін болса, сауда көлемі 12 есе кемуі мүмкін.

Екіншіден, жеткізу тізбегі бұзылады. Қазіргі IT саласы, технология саласы әлемдегі ең басты бағыттардың біріне айналып отыр. Ал егер Қытайдың мына сирек кездесетін металлдардың экспортын шектеуі жалғаса беретін болса, ол жаһандық өндіріс әсіресе жартылай өткізгіштер тізбегіне кері әсер етеді. Қазіргі АҚШ-тың соғысты тоқтаудың басты талабы ретінде Украинадағы серік кездесетін металлдарды игеруді алға тартып отырған себебі негізсіз емес. Бұл шешім Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының салдары деп айтуға болады.

Үшіншісі, әлемдік экономика кері кетеді. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының мәліметі бойынша тарифтердің артуы тек қана Қытаймен сауданы шектеп қоймайды. Бұл басқа мемлекеттердің бәсекелестігін арттыруы мүмкін. Бұған қоса, әлемдегі экономикалық өсу қарқынын баяулатуы және инвестициялық сенім төмендейді. Өйткені сауда қақтығыстары міндетті түрде инвесторлар арасындағы сенімсіздік тудырады. Бұл өз кезегінде капитал нарықтарына теріс әсер етеді. Мысалы, Қытайдың АҚШ-қа тікелей шетелдік инвестициялары бүгінгі таңда төмендеу, яғни қысқару тенденциясына ие. Жалпы, енді былтырғы жылғы тенденцияларға көз жүгіртетін болсақ, АҚШ президенті Джо Байден Қытайдан импортталатын электромобильдер, компьютерлік микросхема, медициналық жабдықтар, күн батареяларына тарифтерді арттырған болатын. Яғни, электронды құралдарға салынатын баж салығы төрт есе, литий аккумуляторлары үш есе өсті. Бұл шаралар жалпы АҚШ-тың ішкі өндірісін қорғау және Қытайдың арзан тауарларын ел экономикасына тигізетін теріс әсерін азайту мақсатында қабылданды.

Ал Қытай тарапы американдық ауыл шаруашылық өнімдеріне, әсіресе соя бұршағы, жүгері мен бидайға тарифті едәуір арттырған болатын. Бұл шаралар АҚШ фермерлеріне айтарлықтай кері әсер етті. Бұның негізгі салдары ретінде АҚШ үкіметі фермерлерге арнайы субсидиялар бөлуге мәжбүр болды.

Екі ел арасындағы шиеленіс қаншалықты ұзаққа созылады дегенге келетін болсақ, оның нақты мерзімі белгісіз. Менің ойымша, бұл халықаралық қауымдастық пен бизнес өкілдері үшін ұзақ мерзімді өзгерістерге бейімделу стратегияларын әзірлеуге итермелейтін сияқты.

Қазақстанға да экономикасына да ескеретін бағыттар бар. Саясаттанушы ретінде айтарым геосаяси өзгерістер болуы әбден мүмкін. Екі ел біздің стратегиялық әріптесіміз. Оның ішінде Қытай «Бір жол, бір белдеу» бастамасы аясында Қазақстанмен терең қарым-қатынаста. Міне, осы бағыттарды ескере отырып, сауда соғысының салдарын бүгіннен бастап жаңағы жоғарыда айтылғандай кем дегенде бес жылдық, одан әрі он бес-жиырма жылдық стратегиялық жоспар құру қажет. Онсыз болмайды. Өйткені АҚШ үкіметі президенттер ауысқанның өзінде де әлемдік гегемонияда өзінің орнын Қытайға бермеуге және Қытайдың басып озуына кедергі келтіруге тырысады. Бұл сауда соғысы ұзақ мерзімді форматта болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы