Зұлмат жылдар, мызғымас бірлік: Қазақстан этностарының ортақ тарихы

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – ХХ ғасырдағы тоталитарлық жүйенің зұлмат әрекеттерінен жапа шеккен миллиондаған азаматтарды үнсіз еске алуғана емес, ұлт жадысын жаңғырту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды күн, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарема Шаукенова еліміздегі этносаралық келісім мен тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы жұмыстарға қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы да аталып өтуде. Бұл – этностар арасындағы татулық пен сенімнің іргесін бекіткен маңызды кезең.

Этностық алуандылық – көптеген елдер үшін тәуекел факторы болса, Қазақстан үшін бұл – жалпыхалықтық құндылық пен стратегиялық артықшылық. Біз XX ғасырдағы ауыр сынақтарға қарамастан, бірлік пен келісім жолын таңдадық, – деді Шаукенова.

Ол сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін жылдарында еліміздің түрлі өңірлерінде орналасқан АЛЖИР, Карлаг, Степлаг секілді лагерлерде 5 миллионнан астам адамның азап шеккенін еске салды. Репрессияға ұшырағандар қатарында Алаш зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа да көрнекті тұлғалар болған.

1930–40 жылдары жүздеген мың корей, түрік, шешен, ингуш, неміс және өзге де этнос өкілдері Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Бүгінде олардың ұрпақтары еліміздің дамуына үлес қосып, қазақстандық қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге қатысты: 

Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз тарихымыздың ақтаңдақ беттерін зерттеуге, жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтауға баса мән беріп отыр, – деп атап өткен болатын.

2020 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия жұмысы нәтижесінде 311 мыңнан астам адам ресми түрде ақталды. Ізденіс жұмыстарына 425-ке жуық ғалым мен сарапшы қатысып, 60-тан астам архивте 2,6 миллионнан астам құжат зерттелді.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси репрессияларды зерттеу орталығы бұл бағыттағы ғылыми жұмыстарды жалғастыруда. Бүгінгі таңда орталыққа 688 мыңнан астам іс пен 48 мың есеп карточкасы тапсырылып, құжаттарды цифрландыру және ашық қолжетімді қорлар қалыптастыру жұмысы жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы