Зүлфия Сүлейменова: Қазақстан парниктік газ шығарындыларын қысқартуға міндеттеме алған
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова ведомство алқасының кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңадан тағайындалған министр климаттық саясат саласындағы жұмыстарға тоқталды.
Климаттық саясат саласында Министрлік 2020 жылға парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден, яғни 381,6 млн тоннадан 8 пайызға төмендетуге қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға қысқартуға міндеттеме алған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы әзірленіп, ол Үкімет аппаратына енгізілді, - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, биыл маңызды жұмыстар қолға алынады.
Стратегия индикаторларын ескере отырып, ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарды (ОНУВ) өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оларды осы жылы бекіту жоспарлануда. 2022-2025 жылдарға арналған көміртегі квоталарының Ұлттық жоспары және 2023-2025 жылдарға арналған Көміртегі бюджеті бекітілді, - деді Зүлфия Сүлейменова.
Сондай-ақ белгілі болғандай, 2022-2026 жылдарға арналған парниктік газдар шығарындылары саудасының қазақстандық жүйесін еуропалық Парниктік газдар шығарындыларының квотасымен сауда жүйесін интеграциялау бойынша Жол картасы бекітілген.