Ұстаздарды аттестациялау кезінде 296 заң бұзушылық анықталды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асқат Аймағанбетовтің қатысуымен өткен онлайн конференция барысында педагогтардың Ұлттық біліктілік тестіне қатысу жайы айтылды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова Ұлттық біліктілік тесті 2 маусымнан басталғанын және оған 94 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін айтты.Қатысқандардың 25 мыңнан астамы орта білім беру ұйымының педагогтары. Жалпы педагогтардың 49,9%-ы тестілеуден өтті. Пайыздық қатынасқа келер болсақ, педагог модератор, педагог эксперт, педагог зерттеуші - 30%. 15 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы тест тапсырды. Эпидемиялық шектеулерге байланысты Алматы облысында тест басталған жоқ, - деді ол.
Сонымен қатар, ол мұғалімдердің тест кезінде түрлі құйтырқы әрекеттерге барып, тыйым салынған заттарды алып кіріп жатқанын айтты.
Педагогтар шпаргалка мен қоса телефондарын алып кіруде. 296 педагог сол жерден шығарылып, тест нәтижесі жойылды. Кеше Шымкент қаласында бір педагогтың төлқұжаты жасанды болғаны анықталды. Осындай 6 оқиға құқық қорғау органдарына тапсырылды. 18 жағдайда мұғалімнің орнына басқа адам келіп тапсырмақ болғаны анықталды. Аттестациялау комиссиясы әр қатысушының төлқұжатына мұқият қарап, мұндай әрекеттерді болдырмауға күш салуда, - деді Майра Мелдебекова.
Министр өз кезегінде мұғалімдер тарапынан келеңсіз жағдай болғанда ол туралы да айтылу керектігін жеткізді.
Бес саусақ бірдей емес. Кейбір әріптестеріміз заңға сәйкес емес қылық жасаса, оған тиісті шара қолдануымыз керек. Оларға қатаң шара қолданылады. Қазір құқық қорғау органдары жұмыс жүргізіп жатыр, дегенмен біздің комитет, білім басқармалары, білім бөлімдері, мектеп басшылары да өздерінің қызметтік тергеулерін жүргізіп, нақты шара қолдануы керек, - деді Асхат Аймағанбетов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Мектептерге арналған PISA-2024 зерттеуі басталды
Өзгелердің жаңалығы