Зорлық-зомбылық туралы жаңа заң: бір жылда не өзгерді?
Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңның қабылданғанына бір жылдам астам уақыт өтті.
Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңның қабылданғанына бір жылдам астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында елде тұрмыстық зорлық-зомбылық қаншалықты азайды? BAQ.KZ тілшісі осы мәселе бойынша Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ресми хатта "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылданғалы біршама уақыт өтті. Алайда тұрмыстық дау-дамай азайғанын көріп отырған жоқпыз. Заң қалай әсер етті? Нәтиже бар ма?" деген сұрақ қойылды.
Ведомствоның мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды.
Әйелдер мен балалардың, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықтарын қорғау мәселелері әрқашан ішкі істер органдарының назарында. Айта кету керек, құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдарын криминализациялау отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуде күтілген статистикалық өсуді көрсетті. 2024 жылғы 16 маусымынан бастап заңды күшіне енген жаңашылдықтың нәтижесінде яғни ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді криминализациялауға байланысты жалпы құқық бұзушылықтардың саны өсті. Дегенмен, осы қатаңдатудың нәтижесінде одан ауырлау қылмыстардың азаюына қол жеткіздік, - делінген ведомствоның жауабында.
Сонымен қатар министрлік отбасылық және тұрмыстық қатынастар сипатындағы қылмыс көлемі біршама төмендеді деп отыр.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар саны 34,9%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстар саны 65%-ға, ауыр қылмыстар-67,2%-ға, кісі өлтіру-27,5%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері-35,3%-ға, және ауырлығы орташа-31,3%-ға төмендеген, - деп жауап берді ІІМ.
Сондай-ақ 102 арнасына түсетін арыз-шағымға қатысты айтты.
ІІО-на (102 арнасына) келіп түсетін отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы арыздар мен шағымдарды қалыптастыру жәбірленуші адамдардың жынысына қарай бөлінбейді. Себебі отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына заң бойынша отбасының барлық мүшесі, яғни жақын туыстар, ерлі-зайыптылар, бұрын ажырасқандар және ортақ баласы барлар жатады. Сараптама барысында арыз-шағымдардың 80% жәбірленушілері әйелдер екені анықталды, - дейді Ішкі істер министрлігі.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты екі маңызды құжатқа қол қойды.