9 Шілде 2026, 13:16 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

«Зорлық жасаған адамды тек жазалау емес, мінез-құлқын өзгерту маңызды». Қазақстандық мамандар жаңа тәсілге көшті 

Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауаптылыққа жатқызылды.

Бүгін «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-да отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында мемлекеттік саясаттың жаңа шаралары, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдарға арналған психологиялық түзету бағдарламаларын енгізу және осы бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.

Заң күшейді, енді профилактикаға басымдық берілмек

Соңғы жылдары Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық база күшейтілді. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауаптылыққа жатқызылды. Сонымен қатар зардап шеккендерді қорғау шаралары кеңейіп, құқық қорғау органдарының, соттардың, әлеуметтік қызметтердің және дағдарыс орталықтарының жұмысы жетілдіріліп жатыр.

Алайда мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жәбірленушілерге көмек көрсетумен шектелмеуі керек. Халықаралық тәжірибе мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін зорлық-зомбылық жасаған адамдармен де жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін көрсетеді.

Осыған байланысты Бас прокуратураның бастамасымен «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға арналған интервенциялық орталықтар құру және психологиялық түзету бағдарламаларын енгізу жобасын іске асырып жатыр.

«Басты көрсеткіш – есептегі сан емес»

Президент жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева бұл бағытта отбасыларға уақытылы әрі кешенді қолдау көрсету маңызды екенін айтты.

Оның сөзінше, қазір еліміз бойынша 8 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда азаматтар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмекті бір жерден ала алады. Барлық орталық бірыңғай цифрлық платформаға қосылған.

Бұл жүйе 26 маманның жұмысын үйлестіруге және 30 мыңға жуық азаматтың өтінішін тіркеуге мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – құқық бұзушылық жасаған адамдармен жұмыс істеу. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қайталанатын жағдайлардың алдын алу арнайы түзету бағдарламаларынсыз мүмкін емес, – дейді Снежанна Имашева.

Ол мұндай бағдарламалардың мақсаты жазаны алмастыру емес екенін атап өтті. Керісінше, басты міндет – адамның өз әрекетін түсініп, мінез-құлқын өзгертуіне көмектесу.

Бүгінде Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заманауи жүйе қалыптасып келеді. Бұл жүйеде көмек қолжетімді болуы, мамандардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі және практикалық бағдарламалардың тиімділігі ерекше маңызды. Бірақ басты көрсеткіш – есептердегі сандар ғана емес. Нақты нәтиже – адамның қорықпай көмек сұрай алуы, отбасы ішінде қауіпсіздік пен өзара құрмет атмосферасының қалыптасуы, – дейді ол.

26 адам түзету бағдарламасынан өтіп жатыр

«Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ төрағасы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зульфия Байсақова жобаның іске асырылуын талдау үшін арнайы топ құрылғанын айтты.

Оның айтуынша, мұндай бақылау ведомствоаралық байланысты күшейту үшін қажет. Себебі мемлекеттік органдар мен мамандар арасындағы үйлесімді жұмыстың жеткіліксіздігі жобаның тиімділігіне тікелей әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда сот шешімімен 26 адам психологиялық түзету бағдарламасынан өтіп жатыр. Олармен арнайы оқытылған 19 психолог жұмыс істейді.

Алматы қаласы бойынша 40-қа жуық психолог оқытылды. Алайда олардың ішінен агрессорлармен жұмыс істеу дағдысы бар, жеке жұмыс жоспарын дұрыс құра алатын және мінез-құлқын өзгертуге дайын адаммен тиімді жұмыс жүргізе алатын мамандар іріктелді, – деді Зульфия Байсақова.

Оның айтуынша, Алматыда психологиялық көмек көрсетілетін орындар қала тұрғындарына ыңғайлы жерде орналасқан. Психологтар барлық консультацияны Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес құжаттап отырады.

Бағдарлама мерзімі әр адамға жеке белгіленеді. Зульфия Байсақова түзету бағдарламасына жолдау механизмі сот шешімі арқылы іске асатынын түсіндірді. Кей жағдайда полиция қызметкерлері қажетті құжаттарды жинап, тәуекелдерді бағалау жүйесі арқылы адамды бағдарламаға қанша мерзімге жіберуге болатынын анықтайды. Бұл жүйе Қазақстанда соңғы екі жыл бойы қолданылып келеді. Ішкі істер министрлігі оны еліміздің барлық өңіріне енгізген. 

Бағдарлама мерзімі үш айдан бір жылға дейін созылады. Бұл әр істің ерекшелігіне байланысты белгіленеді. Себебі әр адамның мінез-құлқы, жасаған әрекеті және отбасындағы жағдай әртүрлі болуы мүмкін.

Қазіргі таңда соттар түзету бағдарламаларын белсенді түрде тағайындап жатыр. Бір қызығы, 26 қатысушының әрқайсысына әртүрлі мерзім белгіленген. Бірі психологиялық қысым көрсетсе, енді бірі физикалық зорлық жасаған. Кейбірі сот шешімін орындаудан жалтарып, мінез-құлқын өзгертуге ниет білдірмейді, – дейді ол.

Зульфия Байсақованың сөзінше, бағдарламаға қатысушылардың 23 пайызы некені бұзу процесінде жүрген немесе ажырасып кеткен азаматтар.

Сонымен қатар 26 қатысушының төртеуі белгіленген тәртіпті бұзған. Яғни шақыртуды елемей, бағдарламаға қатысудан бас тартқан. Мұндай жағдайда заңнамалық тетіктер қарастырылған. Олар сот шешімін орындауға міндетті.

Германия тәжірибесі Қазақстанға бейімделіп жатыр

Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Әлима Теңізбай жобаның маңызды бағыттарының бірі ведомствоаралық іс-қимылды нығайту екенін айтты.

Оның сөзінше, Алматы қаласында барлық құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өтіп, нақты мәселелер талқыланып жатыр. Егер ортақ шешім қабылданса, оны бірлесіп іске асыруға мүмкіндік бар.

Германия тәжірибесін сол күйінде Қазақстанға көшіріп әкелуге болмайды. Сондықтан біз жергілікті сарапшылардың көмегіне жүгініп, бұл тәжірибені Қазақстан жағдайына қалай бейімдеуге болатынын зерттеп жатырмыз, – дейді Әлима Теңізбай.

Оның айтуынша, Германияда жүргізілген зерттеулер агрессорлар түзету бағдарламасынан толық өткен жағдайда оның тиімділігі 80 пайызға дейін жететінін көрсеткен.

Егер біз алдын алу және профилактика жұмыстарына көбірек көңіл бөлсек, бұл мемлекет үшін де, қоғам үшін де болашаққа жасалған үлкен инвестиция болар еді, – дейді қор өкілі.