Зорлық-зомбылыққа көбіне оқымаған әйелдер ұшырайды
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер саны әлі де болсын азаймай тұр. Түркістан облысы Полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, зорлық-зомбылыққа көбіне оқымайтын және жұмыссыз әйелдер ұшырайды екен. Сондай-ақ, 18 бен 50 жас аралығындағы әйелдерге күйеулері мен жақын туыстары тарапынан түрлі қысымдар жасалынатыны тіркелген.
Мәселен, Түркістан облысында оқымаған және жұмыссыз 1060 әйел (2019 жылы – 1588), жеке кәсіпкер 13 (2019 жылы – 233), жалдамалы жұмысшылар 20 (2019 жылы –277), мемлекеттік қызметкерлер 33 (2019 жылы – 88), жоғары және арнайы орта оқу орындарында оқитындар 10 (2019 жылы – 33), жалпы білім беру мектептерінде оқитындар 18 (2019 жылы – 17).
Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің жас ерекшелік сипаты төмендегіше: 18 жастан 29 жасқа дейін – 213 адам (2019 жылы – 486), 30 жастан 39 жасқа дейін – 347 (2019 жылы – 726), 40 жастан 49 жасқа дейін – 298 (2019 жылы – 625), 50-ден жоғары – 296 адам (2019 жылы – 377).
Сонымен қатар, 306 жағдайда зорлық-зомбылықты әйелдерге таныстары жасаған (2019 жылы – 410). Әйелдер жағынан 254 (2019 жылы – 217), жақын туыстары 41 (2019 жылы – 55), күйеуі тарапынан 30 (2019 жылы – 58), бірге тұратындар 4 (2019 жылы – 10).
Құрылымдық органдар қандай жұмыстар атқаруда?
Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бойынша, Түркістан облысының ПД ЖПҚБ-ның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымдарымен қызметін жақсарту және жетілдіру мақсатында нақты жұмыстар жүргізілді. Өзге де мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, бірқатар ұйымдық іс-шара жүзеге асырылды. Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мемлекеттік органдармен және үкіметтік және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен ұйымдасты.
Атап айтқанда, "Қазақстан іскер әйелдер ассоциациясы" қоғамдық бірлестігі Түркістан облысының филиалы, "Көмек", "Сана сезім" Әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Онда жәбірленген қыз-келіншектерге құқықтық көмек көрсетіліп, зомбылықтың түрін талдап, категориясын анықтап, медициналық және психологиялық кеңестер беріледі.
Түркістан облысында әйелдер құқын қорғайтын орталық бар ма?
Түркістан облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын 1 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің "Көмек" дағдарыс орталығы бар. Мұндағы ерекшелік орталықтың баспанасы бар. Орталықта қыз-келіншектерге психологиялық, заңгерлік қызметтер және медициналық көмек ақысыз көрсетіледі. Шұғыл телефоны: +77252-357538. Жетекшісі – Мәлика Жүсіпова.
Айта кетейік, 2020 жылдың алты айында "Сенім-Ай" қоғамдық бірлестігінің "Көмек" дағдарыс орталығына" көмек сұрап 648 адам жүгінген, олардың барлығына дерлік заңгерлік кеңес пен әлеуметтік көмек көрсетілді. Алайда олар орталықтарға орналастырылған жоқ. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары ретінде теңестірілмеген. Бұлар негізінен әл-ауқаты нашар, толық емес отбасынан болып келеді.
Әйелдердің өз құқықтары туралы құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды жезөкшелікпен айналысуға тарту, жеңгетайлықтың келеңсіз салдары, қорда (притондарды) ұстау жөнінде проблемаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және оларды жинақтап қорыту үшін, сондай-ақ, әйелдер саудасының алдын алу мен болдырмау деңгейін көтеру үшін азаматтар арасында үгіт-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жыныстық немесе басқа да қанау мақсатымен адамдарды шетелге алып кетумен айналысатын фирмалар туралы материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Бұдан басқа, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру үшін халық арасында үгіт-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Отбасылық қатынастар, моральдық-этикалық, руханият пен адами құндылықтарды нығайтуға арналған өзекті әлеуметтік тақырыптар, сонымен бірге нәзік жандылардың құқықтары мен тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды барынша айтып, насихаттап жатырмыз, - деді Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева.Соның бір мысалы, осы жылдың наурыз айында облыс аумағында әр отбасында болып жататын түрлі тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы әйелдерге және балаларға жасалынатын зорлық-зомбылық мәселесін зерттейтін социологиялық сауалнама жүргізілді. Қоғамда қыз-келіншектер мен бүлдіршіндерге қатысты жасалынатын зомбылық пен күш көрсетудің тәсілін және әдісін, жанжалдың шығу себептері мен жағдайлары туралы оқып танысу үшін халық арасында социологиялық зерттеу жұмыстарына 1630 респондент қатысты. Социологиялық сауалнамаға ұйымдар мен кәсіпорындардан 16 – 800 респондент, жоғары және орта оқу орындарынан 16 – 700 респондент, жұмыссыз әйелдер арасынан 5 – 130 респондент қатысты. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, 378 жағдайда зорлық-зомбылық қызғаныштан, 265 жағдайда спирттік ішімдікті қолданғандықтан, 477 жағдайда ұрыс немесе жағымсыздықтан, 210 жағдайда мүліктік келіспеушіліктен, 300 басқа себептерден жасалынған.
Отбасы институтын біздің қоғамда кеңінен насихаттай беру керек. Бір жағынан отбасы адамдардың сезімдері арқылы байланысқан одақ. Мұнда қамқорлық пен бағып-қағу, жылулық пен сенім өзара бірге дамиды. Алайда, екінші жағынан кейбір отбасы – әйелдер мен балалардың құқықтары қысымға ұшырайтын, оларға күш көрсететін әлеуметтік институт болуы мүмкін. Себебі, әлімжеттік пен күш көрсету зорлық-зомбылықты туғызады, - деді полиция подполковнигі Жанар Балтабайқызы.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың 6 ай мерзімінде облыс көлемінде әйелдерге қатысты 5385 қылмыс тіркелген (2019 жылы – 5379). Оның ішінде тұрмыстық қарым-қатынаста 575 (2019 жылы –1469) анықталды.