Зияткерлік мектептер арасында спартакиада өтті

Астана қаласындағы Халықаралық мектептің 10 жылдығына және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 15 жылдығына орай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» филиалдарының мұғалімдері мен қызметкерлері арасындағы спартакиада өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара Орал, Петропавл, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Астана, Семей, Өскемен, Павлодар қалалары қызметкерлерінің басын қосты. Құрама командалар футбол, волейбол, ләңгі, арқан тартыс, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен жарысты.

Екі күнге созылған сайыс нәтижесі бойынша волейбол мен футболдан Астана қаласы Халықаралық мектебінің командасы үздік нәтиже көрсетсе, үстел теннисінен Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінің ұжымы жеңімпаз атанды. Ал арқан тартудың жеңімпазы Петропавл қаласындағы Зияткерлік мектебінің ұжымы болды.

Сонымен қатар волейболдан «үздік ойыншы» - Қайрат Асхат (Көкшетау қаласы НЗМ командасы), «Үздік шабуылшы» - Сантаев Серик (Астана қаласы ФМН НЗМ), «Үздік үйлестіруші» - Есенгелді Досжан (Өскемен НЗМ), «Үздік қорғаушы» - Балагазинова Нуриля (Петропавл НЗМ) атанды.

Футболдан «Үздік ойыншы» номинациясын Орал қаласы НЗМ командасының мүшесі Жанахметов Алтынбек, «Үздік шабуылшы» - Тулегенов Мақсат (Шымкент қаласы ФМБ НЗМ), «Үздік қорғаушы» - Мағзомов Тұрақ (Орал қаласы НЗМ), «Үздік қақпашы» - Сатжанов Мадияр (Қарағанды қаласы НЗМ) иеленді.

Үстел теннисінен «Үздік ойыншы» болып павлодарлық ойыншылар Ескендіров Қанат пен Қуанышбаева Назгүл марапатталды.

Жалпыкомандалық есепте Астана Халықаралық мектебі спартакиада кубогін иеленсе, Қызылжар қаласындағы мектеп ұжымы екінші орынмен марапатталды. Ал Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшінші орынға лайықты деп танылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ/Сабина Хасенова
Өзгелердің жаңалығы