Зияткерлік мектепте домбыра сабағы неліктен міндетті пәнге айналды?
“Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы 2024-2025 оқу жылында домбыра сабағын міндетті пән ретінде енгізді. Домбыра күні қарсаңында бұл бастаманың себебі неде, нәтижесі қандай екенін білу үшін ұйымның басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасовпен сұхбаттастық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Назарбаев мектебінде бұрыннан бері домбыра үйірмесі бар. Бірақ домбыраны міндетті пән ретінде енгізулеріңізге не себеп?
Иә, мектеп ашылғаннан бастап бізде домбыра үйірмесі болды. Балаға ұнаса, өзі таңдайтын. Біздегі оқу бағдарламасы өте күрделі болғаннан кейін біртіндеп домбыраның, музыканың балаға әсерін зерттей бастадық. Халықаралық зерттеулер бар ма, таныса бастадық. 2011 жылдан бастап Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепте 7-8-сыныптарға домбыраны пилоттық жоба аясында элективті сабақ ретінде енгіздік. Қалған мектептерде домбыра үйірме болып жалғаса берді. Содан кейін пилоттың нәтижесіне сүйеніп осы жылдардың арасында басқа мектептегі ата-аналарды дайындадық, мектептерді домбырамен қамтамасыз еттік.
Біздің мектепті бітіретін оқушылар тек академиялық пәндер, олимпиада, ғылыми жобалар сайысымен шектеліп қана қоймай, шығармашылық, техникалық, спорттық, интеллектуалдық бағытта дамуы үшін 2024 жылы біртұтас даму деген концепция қабылдадық. Оның аясында 2024-2025 оқу жылынан бастап бүкіл 7-сыныптарда домбыра міндетті пән ретінде сабақ кестесіне енгізілді. Бұл жобадан оқушылар босатылмайды.
Домбыра – ұлттық аспап, рухани құндылығымыз. Ұлттық аспапты міндетті жоба ретінде енгізу мақсаты – ұлттық кодты, ұлттық мәдени жәдігерді сақтау, дамыту. Екінші жағынан зерттеулерде шекті аспаптарда ойнау оқушының психологиялық, когнитивтік қабілеттеріне және ұсақ моторикасына оң әсер ететіні жазылған. Ол бізге өте маңызды болды. Сондай-ақ балада күйзеліс болса, шекті аспаптарда ойнау онымен күресуге көмектеседі екен. Біз оны Португалияның Лиссабон университетінің зерттеулерінен қарадық. Онда шекті аспаптарда ойнау оқушының эмоционалды және шығармашылық дамуына оң әсер етіп, үйлестіруді, моториканы, музыкалық қабілеттерді, когнитивті функцияларды жақсартатыны айтылады. Сосын Кембридж университетінің ғалымдарының зерттеулерін қарадық. Музыкалық аспаптарда ойнау жоспарлау, есте сақтау және позитивтік қабілетке оң әсерін тигізеді екен.
- Домбыра сабағы қалай өтеді?
Домбыра кәдімгі сабақ кестесінде тұрады. Сол уақытта сынып домбыра үйрететін үйірме жетекшілеріне барады. Сабақ жоспары белгіленген. Мысалы, оқушылар бір оқу жылында төрт күйді үйренеді. Баланың қабілетіне, күйдің күрделігіне қарап “Кеңес”, “Келіншек”, “Жастар биі” және “Тепеңкөк” күйлерін таңдадық. Осы күйлерді бала 7-сыныпта үйреніп шығуы керек.
- Ал домбыраға икемі жоқ оқушылар не істейді?
Ондай да болады. Енді барлық баланың қабілеті бірдей емес қой. Мысалы, биыл 7-сыныпты 3237 бала аяқтады. Жыл соңында сынақ ретінде домбыра тартып көрсетті. Баланың домбыра тартқанының өзі – біз үшін үлкен жетістік.
Домбыра сабағы жай ғана аспап үйрену емес. Алғашқы екі айда олар домбыраның шығу тарихымен танысып, неге ол қазақтың ұлттық аспабы, оның құдіреті неде екенін біледі. Одан кейін мен айтқан зерттеулер нәтижелерін береміз. Бала домбыра тарту психологиялық, эмоционалдық тұрғыда қалай әсер ететінін түсінсе, домбыраның қажеттілігін сезінеді. Күйзеліс кезінде көмектеседі. Қоңырау арасында домбыра тарту алдағы бақылау жұмысына дайындықты жеңілдетеді, миды тынықтырады, жазу сапасына әсер етеді. Осының бәрін жеткізген соң “үйренбеймін” деген бала болған жоқ. Бірақ, әрине, барлығы кәсіби деңгейде тартады деп айта алмаймын. Біздің мақсат – кәсіби домбырашы шығару емес. Біз музыка мектебі емеспіз. Бірақ бала домбыраны қалай ұстау керегін біліп, төрт күйді өз деңгейінде шертіп бере алса, сол біз үшін жетістік.
“Слух” деп айтамыз ғой, әуенді сезу қабілеті мықты емес балалар да домбыраны өзінше үйреніп шығады. Біз қосымша білім беру педагогтарымен сөйлескенде, оларда түрлі әдістемелік тәсілдер бар екенін айтады. Кейбір балалар математикаға жақын. Сол кезде педагогтер ноталарды сандарға алмастырған. Тақтаға сандар жазу арқылы балаға домбыраны үйреткен. Яғни, баланың жеке қабілетін пайдаланып үйрету тәсілі. Нота арқылы үйренген балаларға сол бағытта жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Ал мүлдем білмейтін балаларға қызығушылығына қарай, қарапайым әдістер қолданылады.
- Жыл соңында оқушылар домбыра тартудың артықшылықтарын айтты ма?
Жыл соңында бірыңғай сабақ өткіздік. Балалардан пікір алдық. Бұл біз үшін бірінші тәжірибе болды. Балалардың көпшілігі, біріншіден, қарым-қатынастың жақсарғанын айтты. Себебі жақсы тартатын оқушы үзілісте басқа балаға көмектесіп, жанашырлық танытады екен.
Балаларға мектепте телефон ұстауға тыйым салып жатырмыз, қоңырау кезінде домбыра тарта бастады. Олардың айтуынша, бос уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік туды. Домбыра туралы көп мәлімет алды. Бұрын ғылыми тұрғыда білмейтін дүниелерді білді. Эмоцияға әсер ететінін, ұсақ моторикаға пайдалы екенін енді түсініп жатыр.
- Ал ата-аналардың пікірі қандай?
Ата-аналар тарапынан үлкен қолдау болды. Бұған дейінгі жылдары оларды дайындадық. 2011 жылдан бастап ата-аналарға біртіндеп айтып келдік. 2024 жылы бірден енгізген жоқпыз. “Домбыра міндетті болады” деп алдын ала ескертілді. Көп ата-ана “үйге домбыра алып қойдық” деді. Кейбірінің айтуынша, үйде әр балада жеке домбыра бар.
Әрине, 100% ата-ана қолдады деп айту қиын. Кейбір ата-аналар “Менің балам үлгермей жатыр, домбыра керек емес” деді. Ондай кісілермен жеке кездесіп, баланың жан-жақты дамуы маңызды екенін түсіндірдік. Зерттеу нәтижелерін көрсеткенде, сұрақтары шешілді. Бірақ әлі де “бала демалсын, бос уақыты болсын” дейтін ата-аналар бар.
- Домбыра тарту балалардың қазақша сөйлеуіне, ұлтын сүюіне әсер ете ме?
Бұл бірінші жыл ғана болғандықтан, нақты өзгеріс бар деп айту ерте. Бірақ бұрын наурызда ұлттық киім киюге ұялатын балалар енді сырға, бас киім, шаш теңге сияқты элементтерді жай күндері де тағып-киетін болды. Бұл да домбыраның әсері шығар деп ойлаймыз.
- Оқушылар домбыра тарту арқылы ұлттық ерекшелікті шетелде де насихаттай ма?
Иә, бізде 20% түлек шетел университеттеріне түседі. Сол кезде “Америкада жүргенде немен ерекшеленесің?” деп айтамыз. Барлығы ағылшынша сөйлейді. Бұл – ерекшелік емес. Біздің түлектер үш тілді біледі, бірақ кей елдерде ол да таңсық емес. Ал ұлттық аспап – ерекшелік. Домбыра тартса, таңғалдырады.
Мен 2019 жылы балаларды Стэнфордқа жазғы мектепке апардым. Сол кезде бәрі отырып домбыра тартқанда америкалықтар қатты таңғалды. Гитара әлемде бар. Ал домбыра – сирек аспап. Қырғыздардың да аспабы бар, бірақ біздің домбыра ерекше. Сол үшін де балаларға “бұл – ұлттық ерекшелігің” деп айтып отырамыз.
2022 жылы Астанадағы физика-математика бағытындағы мектеп оқушылары Гиннес рекордтар кітабына енді. Мың бала бір мезетте “Сарыарқа”, “Балбырауын”, “Кеңес”, “Еркемай” сияқты күйлерді орындады. Сол балалар шетелге барған кезде де ұшақта отырып домбыра тартқанда жолаушылар таңғалды. “Бұл қай елдің аспабы?” деп сұрады. Қазір Димаш та қазақ музыкасын әлемге танытып жүр. Біз де қалмай, өзіміздің балалар арқылы ұлттық аспабымызды көрсетіп жүрміз. Бұл – ұлттық ерекшелігімізді әлемге насихаттаудың жолы.
- Әңгімеңізге рақмет!