Зиянды қалдықтарды азайтудың жолы қайсы
Ертіс өңірінде өндіріс ошақтары қоршаған ортаға тастайтын зиянды қалдықтардың деңгейі тәулік бойы тексерілетін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев өңірге жұмыс сапары барысында айтты. Экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы шаралардың нәтижесінде бір жыл ішінде сыртқа шығарылған зиянды заттар көлемі 22 мың тоннаға азайған.
Аймақтағы ірі өндіріс ошақтары экологиялық кодекс негізіндегі міндеттемелерін орындайды.
Павлодар облысының әкімдігі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жол картасын әзірлеуде. Бүгінгі күні құжаттағы 33 пункттің 14-і орындалған. Негізгі шаралар ауаны тазарту, қатты қалдықтарды сұрыптау, жою бағытында жүзеге асырылуда. Келесі жылдан бастап, бірінші категориядағы кәсіпорындар үшін технологиялық циклды толық модернизациялау және ең қолжетімді технологияларды қолдану нормасы енгізіледі. Экологиялық құжат ірі зауыттарға қатысты, - дейді Жомарт Әлиев.
Өндіріс нысандары 2025 жылдан бастап, өз аумағына мониторинг жасаудың автоматты станцияларын көруге рұқсат беруге міндетті. Облыс аумағында осындай оннан астам жүйе орнатылады. Жаңашыл жабдықтар зиянды қалдықтардың тасталуын тәуліктік режимде бақылап отырады. Нақтырақ айтқанда, қоршаған ортаға түсетін зиянды заттардың мөлшерін қадағалап отыруға болады.
Үздіксіз бақылау өндірістегі бұзушылықтарды да анықтауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жүйе «Сергек» жүйесі сияқты шұғыл жұмыс істейді.
Айта кетейік, павлодарлық кәсіпорындар бір жылда 730 мың тонна зиянды қалдық шығарады. Бұл - елдегі өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстардың 30%-ы. Жыл сайын зиянды заттар көлемі 8%-ға азаюда.