Зират аумағынан екі қойма табылды. Әділов қаңтарда жоғалған қару туралы айтты
Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта полиция ұрланған қаруды ғана емес, жалпы заңсыз айналымдағы қаруды табу және тәркілеу бойынша мақсатты жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Мысалы, Алматы облысының Іле ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен жедел-іздестіру шаралары барысында 53 аңшылық оқ-дәрі, 13 газды және 15 жарық шулы гранаталар жасырылған қойма табылған, - деді ол.
Санжар Әділов Таразда екі қойма табылғанын айтты.
Жуырда Тараз қаласында полиция қызметкерлері зират аумағынан екі жасырылған қойманы тапты, олардың бірінде екі оқ сауыты бар «Вальтер» тапаншасы, жарық-шулы граната және 16 калибрлі патрондар, екіншісінде номері өшірілген 12 калибрлі аңшылық мылтық, оқ сауыты бар «Mauser» газ тапаншасы, жарық шулы граната, екі газ-бұрышты баллон және әртүрлі калибрлі 60 патрон табылды, - деді ол.
Әділовтың айтуынша, 17 тамызда Жамбыл облысының Андас ауылында полиция қызметкерлері қараусыз қалған үйден жасырын қойманы тапты, онда 12 калибрлі мылтық, сондай-ақ бұрын Полиция департаментінен ұрланған бронды кеудеше және әртүрлі калибрлі патрондар табылды.
Сол күні Меркі ауданындағы Ақтоған ауылының шетінде полиэтиленді пакет табылып, ішінен номері өшірілген екі 12 калибрлі аңшылық мылтық пен түрлі калибрлі оқ-дәрілер алынды. 18 тамызда Алматы қаласының Түрксіб ауданында «Кіші Алматы» өзенінің жанында қару-жарақ сақталған жасырын қойма табылып, ол жерден ИЖ-27, 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық, пневматикалық тапанша, 5 газды және 1 жарық шулы граната, әртүрлі калибрлі 100-ге жуық патрон алынды. Қазір ұрланған 2087 қару анықталмаған күйінде қалып отыр (1285 азаматтық, 645 табельдік, 157 травматикалық, газ және сигналдық тапаншалар). Оларды анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр, - деді ол.