Зимбабведе пілдер жаппай қырылып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Зимбабвенің ұлттық паркі Хвангеде соңғы екі айда аштық пен қатты құрғақшылықтан 55 піл қаза болды, деп хабарлады BBC.
"Сұмдық жағдай. Пілдер аштықтан жаппай қырылып жатыр. Бұл үлкен проблема", - деді Зимбабве ұлттық паркінің өкілі Тинаше Фараво.
Кейіннен белгілі болғандай, пілдердің денелері су қоймаларынан 50 метр жерден табылды. Бұл олардың суға жете алмай ажал құшқанын меңзейді.
Фаравоның айтуынша, ұлттық парк негізінде 15 мың пілге шақталып салынған. Алайда, шын мәнінде мұнда 50 мыңнан астам піл мекен етеді. Мемлекет тарапынан қорыққа ешқандай қаржылық қолдау көрсетілмейді. Бұндай жағдайда мекен еткен кей жануар қорықты тастап, өз бетінше тамақ пен су іздеп бас сауғалап кеткен.
Құрғақшылық салдарынан Зимбабведе астық өнімділігі айтарлықтай төмендеген. Салдарынан елде жалғасып келе жатқан экономикалық дағдарыс жағдайында халықтың үштен бір бөлігі азық-түліктен қағылған.
БҰҰ-ның тамыздағы баяндамасында аталмыш мемлекетте 2 млн адам аштықтан зардап шегіп жатқаны туралы айтылған. Зимбабведегі экономикалық дағдарыс жабайы табиғатқа қажетті қаржының жоқтығын айғақтайды.
Мәселені шешу үшін пілдерді шетелге сату тәжірибесі ұсынылды. Алайда, бұл практика жабайы табиғат қорғаушыларының ашуын туындатқан болатын.