Зілзаладан соң жетім қалған балаларымызды шетелге асырап алуға бермейміз - түрік елшісі

Бұл туралы Түркияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи елшілікте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көптеген отбасылар Түркияға жер сілкінісі кезінде ата-анасынан айырылған балаларға күтім жасау үшін «патронаттық отбасы» болуды сұрады. Кеше жарияланған мәліметтерге сәйкес, тіркелген 1858 баланың 1645-інің куәліктері анықталды, олардың 1314-і анықталып, өздерінің отбасыларына табысталды, 213-ке жуық бала бойынша әлі де анықтау жұмыстары жалғасуда, - деп атап өтті елші.

Сонымен қатар ол түрік балаларын шетелге беру Түркияның тарихында болмағанын алға тартты.

Біздің Елшілікке сұрақтар келіп түскендіктен, мен осында мынаны атап өткім келеді. Жер сілкінісі кезінде ата-анасынан немесе екеуінен айырылған балаларымыз біздің Отбасы істер және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету министрлігінің қамқорлығында қалады. Олардың куәлік мәліметтері анықталып, отбасылары, яғни ата-аналарына, тәтесі/ағасына сынды туысқандары анықталса, өздерінің отбасыларына беріледі. Сонымен қатар олар үнемі Министрліктің бақылауында болады. Себебі бұл балалардың кейбіреулері жарақат алып, күйзеліске ұшырады. Оларға психологиялық қолдау/көмек көрсетіледі. Психологиялық қолдау қызметтері ересектерге де ұсынылады. Бұл балалар асырап алуға берілмейді. Тиісті жағдайлар болған кезде олар отбасыларға уақытша беріледі. Бірақ айтқанымдай, бұл балалар біздің Отбасы істер министрлігінің бақылауында болады, - деді Уфук Экиджи. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан жойқын зілзаладан зардап шеккен Түркияға тағы да 100 киіз үй жіберетіні туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы