15 Шілде 2026, 15:51 Фото: instagram / zidane

Зиданның Франция құрамасына тағайындалуын уақыт көрсетеді – Ұлыбританиялық сарапшы

Саймон Чедвик BAQ.KZ тілшісіне эксклюзив пікір білдірді.

Әлемдік спорт индустриясының жетекші сарапшыларының бірі, профессор Саймон Чедвик BAQ.KZ тілшісіне берген эксклюзивті пікірінде Зинедин Зиданның Франция ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалу ықтималдығына қатысты ойын айтты.

Ұлттық құраманы дәл Зидан басқаруы мүмкін екенін танымал инсайдер Фабрицио Романо хабарлаған болатын.

Зинедин Зиданның Франция құрамасының жаңа бас бапкері болып тағайындалуы сөзсіз болатын жағдайға айналып келеді. Ол мадридтік "Реалдан" кеткеннен бері ешбір командада жұмыс істеген жоқ. Соған қарамастан, оның басқа клубтарды, соның ішінде қауесет бойынша "Манчестер Юнайтедті" де жаттықтыруға мүмкіндігі болды. Алайда Зидан Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам қызметінен кеткенше күткен сияқты. Сондықтан оның бұл қызметке келуі уақыт мәселесі ғана еді. Егер Зидан бас бапкер атанса, онда ол өзінің бұрынғы командаласы Дидье Дешамның орнын басады. Екеуі де 1998 жылы әлем чемпионы атанған Франция құрамасының сапында бірге өнер көрсеткен, – деді профессор Саймон Чедвик.

Еске салайық, бұған дейін Дидье Дешам жаттықтыратын Франция құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан жеңіліп қалды. Матчтағы есепті 22-минутта пенальтиден Микель Оярсабаль ашты. Екінші таймда Дани Ольмоның нәтижелі пасынан кейін 58-минутта Педро Порро гол соғып, Испанияның басымдығын арттырды.

Бұл жеңіліс Франция құрамасының қатарынан өткен екі әлем чемпионатында финалға дейін жеткен сәтті сериясын үзді. Осылайша, француз құрамасы 2018 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының финалына шыға алмады.

Бұған дейін қазақстандық сарапшы Болат Есмағамбетов аталған кездесуге пікір білдіріп, Испания құрамасы бұрынғы қуатын қайта тапқанын, ал Франция құрамасына өзгеріс қажет екенін айтқан болатын.

Дешам 14 жылдан кейін құрамамен қоштасады

Дидье Дешам Франция құрамасын 2012 жылдан бері жаттықтырып келеді және ұлттық құраманың ең табысты бапкерлерінің бірі саналады. Оның жетекшілігімен Франция 2018 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетті, УЕФА Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды, сондай-ақ әлем және Еуропа чемпионаттарының финалына дейін жетті.

57 жастағы маман үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты соңғы турнир болды. Жартылай финалда Франция Испаниядан жеңіліп, енді үшінші орын үшін матч өткізеді.

Зидан туралы не белгілі?

Зинедин Зидан – қазіргі футбол тарихындағы ең атақты әрі ең көп жүлде жеңіп алған бапкерлердің бірі. Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін ол мадридтік «Реалды» тізгіндеп, клубпен бірге УЕФА Чемпиондар лигасын қатарынан үш рет жеңіп алды. Сонымен қатар екі мәрте Испания чемпионы атанды.

2021 жылдан бері Зидан ешбір клубта жұмыс істеген жоқ. Соған қарамастан, оған Еуропаның бірнеше алпауыт клубы қызығушылық танытты. Осы уақыт бойы оның есімі Франция ұлттық құрамасының бас бапкері қызметімен тұрақты түрде байланыстырылып келеді.