Жыр бәйгесі өз мәресіне жетті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған аламан жыр бәйгесі 2021 жылдың 10 шілде күні өз мәресіне жетті. Марапаттау салтанаты онлайн форматта, зум платформасында өткен болатын. 

Марапаттау жиынына комиссия мүшелері мен ақындар қатысты. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының өкілдері де бақылаушы ретінде қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиынның жүргізуші-модераторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, комиссия мүшесі ақын Несіпбек Айтұлы сөз бастап, мүшәйраның ерекшелігіне айырықша тоқталды.

Тәуелсіздік мерекесі – барлық мерекенің ең ұлысы! Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жарияланған биылғы Республикалық жыр бәйгесінің орны ерекше. Бұл мүшәйра - Тәуелсіздік шежіресін, бостандық мұратын асқақтататын аламан жыр бәйгесі. Қазақта «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген аталы сөз бар. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ бостандық бұғауынан мойны босаған отыз жылдық мерейлі мерекесін асқақ шабытпен тойлауға тиіс. Бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?! Осы ұлы мерекенің басты символы – Елорданың Арқаға көшуі. Астана күні мен Тәуелсіздік егіз ұғым. Осынау тарихи ұлы мерекеге арналып жарияланған мүшәйра бүгін өз мәресіне жетеді, - деп сөз бастады Н. Айтұлы. 

Одан әрі қарай комиссия мүшелеріне сөз беріліп, қазылар алқасының әділ шешіміне куә болдық. 

Осындай ұлы мерекеге арналған аламан жыр бәйгесіне қаламының желі бар 40 жасқа дейінгі жас ақындар қатысты. Тәуелсіздіктің түлектері саналатын жас ақындарға жол ашқан бұл жыр бәйгесінің басты мұраты да осы еді. Тәуелсіздік тақырыбы - өте ұлы тақырып! Бұндай келелі тақырыпты жырлап шығу жас ақындарға үлкен сын. Соған қарамастан осы ұлы додаға Республикамыздың түкпір-түкпірінен 50 ден астам жас ақындар өз шығармаларын үлкен үмітпен бәйгеге қосқаны көңілге қуаныш ұялатады, деп өз ойымен бөлісті Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, осы мүшәйраның комиссия төрағасы, ақын Бауыржан Жақып.

Мүшәйраның басты мақсаты – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жырлау арқылы ұрпақ зердесіне киелі сәуле түсіру. Азаттықтың туын өз қолымен қадаған, Елорданы Сарыарқадай ел ортасына көшіріп, алғашқы кірпішін өз қолымен қалаған Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігін паш ету, ұлтымыздың бостандыққа дейінгі көрген азап-тозабын, бостандықтан кейінгі гүлдену дәуірін жыр тілімен тарихта қалдыру. Әрине мүшәйраға небір жақсы өлеңдер түсті. Сұлу сөз, сылдыр баяндау, бүгінгі Тәуелсіздіктің салтанатын жырлаудың орнына алты ғасыр бұрынғы дүниені қозғап, сөз бұйдалыққа салынған шығармаларға бәйге беруді лайық көрмедік. Бізге керегі – қазақ халқының бүгінгі жеткен жетістігі, жас мемлекетіміздің жаңа тынысы, жарқыраған жаңа келбеті, - деді комиссия мүшесі, Алаш сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай. 

Келесі сөзді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы алып: «Қазылар алқасы мүшәйраның негізгі мақсаты Тәуелсіздікті жырлау, отызға толған жас Қазақ Мемлекетінің тағдырын, тарихын толғаған Елбасының, Еліміздің жеткен жетістіктерін жарқырата көрсеткен шығармаларды басты назарға алды. Тақырыпты аша білген ақындарға жүлде тағайындалды» деп мүшәйраның нақты тақырыбы мен талабына тоқталды.

«Дарын» Мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты, Әдебиет порталының қызметкері, жас ақын Арман Шеризат та өз ойымен бөлісіп бүгінгі аламан жыр бәйгесіне төрелік ету оңайға соқпағанын, ақындардың отты жырына баға беру нақты талап пен талғамды қажет еткенін айтып өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі сәтін жырлау, елордамыздың айбынды келбетін өлең тілімен өру ақындарға үлкен сын болғанын еске салды.

Қазылар алқасы мүшәйраға түскен шығармаларды сараптай, саралай келе мына төмендегі авторларды жүлделі орындарға лайық деп тапты:

Бас жүлде «Тәуелсіздікпен тілдесу» атты өлең топтамалары үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, талантты ақын, белгілі журналист Олжас Қасымға;

Бірінші орын «Елордам – арман ордам» атты өлеңдері үшін, жыр әлеміне таныла қоймаған, тосын талант, Ақмола облысы Ерейментау ауданынан шығармаларын жолдаған Дәурен Бақытқажыұлына;

Екінші екі орын «Мәңгілік ел» өлеңдер топтамасы үшін Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын жас ақын Еркін Исаханға және «Тәуелсіздік – боз жусаным» атты өлеңдер топтамасы үшін алматылық Құрманғазы Жұмағұлұлына;

Үшінші үш орын «Тәуелсіздікке тағзым» өлеңі үшін Екібастұздық жас ақын Ернұр Қайралаповқа, Нұр-Сұлтандық жас ақын Мұқият Қойшыбайдың «Еркіндікке құштармын», Нұр-Сұлтандық жас талант, мектеп оқушысы Арыстай Асылтайұлының «Ұлан сөзі» өлеңіне берілді. Кеш соңында ақындар жүлделі өлеңдерін оқуға кезек беріліп, сыйлықтар табысталды.

Тәуелсіздіктен қымбат ешнәрсе жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та осылай айтып отыр. Қазақ елі сонау алыс ғасырлардан бері Тәуелсіздік үшін қаншама қанды күрестерді басынан өткерді. Тәуелсіздік ұғымы –ұлы ұғым. Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та бостандықтан асыл, одан қасиетті ешнәрсе жоқ екенідігін, азаттықтың Көк байрағын көтерген күннен бастап санамызға сіңіріп келеді. Ақындарымыз да ел еркінідігін жыр тілімен кестелеп, бүгінгі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін шын мәнінде түсінгендей!



 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы