Жыныстық сауаттылық. Жастар бір сәттік ләззат үшін сотталып кетіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынасқа барғандар, жәбірленушінің өз еркімен барғанына қарамастан сотталады.

Алматыда  ҚК 122-бабы бойынша жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында мектеп, колледж оқушылары арасында қылмысқа апартын қарым-қатынастың алдын алу мәселесі талқыланды.

Жиын барысында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті заңнамалық тұрғыдан реттеу, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзудың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінде өзекті мәселеге айналғаны айтылды.

Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Гулшахар Чинибекова кәмелетке толмаған қыздардың жыныстық қатынасқа баруы мен жүкті болып қалу жағдайы артқанын, соның салдарынан көптеген бозбала сотталып кеткенін мәлімдеп, дабыл қақты. Оның ойынша, қоғам мұндай жағдайға бей-жай қарамай, келеңсіздіктің алдын алуға күш жұмасауы қажет.

Бұл қатынастар менмұңдалап, айқайлап көзге көрініп тұрған қатынастар емес. Ол көбінесе жасырын, бұлдыр сипатқа ие және оның алдын алу қиын болып тұр. Оған әлеуметтік өмірдің виртуальдануы да  ықпалын тигізуде. Интернет кеңістігі балалар өміріндегі аса маңызды мәселеге айналғаны даусыз. Қылмыс кодексінің 122-бабының диспозициясына сай жыныстық қатынас, зорлық-зомбылықсыз 16 жасқа толмаған қыз баланың өз еркімен болғанына қарамастан қылмыс болып табылады. Аталған бап бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып 16 жасқа толмаған жасөспірім қыз бала танылады. Оған қатысты қылмысты жасайтын ертең ел қорғайды деп үміт артқан жасөспірім, бозбалалар. Бұл бапта көрсетілген қылмысты жасаған қылмыскерлерге тағайындалатын жаза да қатаңдатылған. Қылмыс кодексінің 46-бабының 5-бөлігінің 3-тармағына сай кейінгі кезде енген өзгерістер бар.  Ол өзгерістерге сай сотталғандар жаза өтеуді қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерге жатады. Яғни, 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскен адам бұрын сотты болмағанына қарамастан мекеменің қауіпсіздігі барынша жоғары, қылмысты бірнеше рет жасағандар мен аса ауыр қылмыс жасағандар арасында өтейді, - деді судья.

16 жасқа толмаған жасөспірім қыздар көп жағдайда өз қатарласымен, өзі ұнатқан жігітімен жыныстық қатынасқа түсетін көрінеді. Артынша жүкті болып, медицина орнына қаралуға барғанда жас ерекшелігіне байланысты ондағылар заң орнына хабарлауға міндетті. Осы фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалады.

Бұл заң аясында 16 жасқа толмаған жасөспірімнің өміріне нұқсан келтіреміз, оны ұнатқан жас жігітті келешегінен айырып, түрмеге жібереміз, деген Гулшахар Чинибекова өмірде болып жатқан жағдайлардан мысал келтірді.

16 жасқа толмаған жәбірленуші өзі ұнатып, отбасын құрамын деп жүрген М есімді жігітімен қонақ үйге барып жыныстық қатынасқа түскен. Жүкті болып медицина мекемесіне барғанда дәрігерлер ол жайлы заң орнына хабар берген. Кейін 16 жасқа толмаған қыздың кіммен жыныстық қатынасқа түскені анықталып, 20 жасқа енді толған, қыздың үйленеміз деп жүрген жігіті заңға сай бас бостандығынан айырылды. Бұл жерде жүкті болып, алғаш рет ана атанайын деп отырған жас қыз өз қиындықтарымен жалғыз қалды. Үйленеміз деп жоспар құрып жүрген сүйіктісі сотты болып, қапасқа жабылды. Тумай жатқан баланың әкесі сотты болды, кәмелетке толмаған қыз жалғызбасты ана болып қалды. Яғни келешекте отбасын құрамыз деп отырған еліміздегі екі бірдей баланың бақытқа жетеміз деген жоспары күлге айналды, - дейді ол.

Судья мұндай қайғылы жағдайдың мәселесін ұлт болып, ұйым болып көтеруіміз қажет деп санайды. Өйткені кәмелеттік жасқа толмағандардың өз еркімен жынысты қатынасқа барып, оның арты қылмысқа айналып жатқан жағдайлар үдейе түскен. Бұған дейін осындай жағдай Қылмыстық кодексте көрсетілгенімен сотта қаралып көрмепті. Статистикаға сүйенсек 2020 жылы Алматыда осындай қылмыс жасаған 7 адамға қатысты іс қаралған. 2021 жылы ол 13 іске өскен. 2022 жылы бес айда 5 қылмыстық іс қаралған екен.

Жасөспірім қыз балаға қатысты жасалатын қылмыстың неше түрлі сорақысы болып жатқанымен қазір бәріміз хабардармыз. Теледидардан Шымкентте 9-сынып оқушысы өз әкесінен босанғаны, бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары зорлады деген ақпараттар елді дүр сілкіндірді. Қыз баланың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры тұр. Біз инабатты, тәрбиелі қыз өсіру арқылы қазақтың ұрпағын тәрбиелеп отырмыз. Бірақ сол болашақ ана атанар қыздарымыз жұрт алдында ізеттілігімен көзге түсіп жүр ме? Әлде олар өздерінің қадір-қасиетін түсінбей көрінгеннің қолжаулығы болып жүр ме? Бұл ой отбасы мүшелерінен бастап қоғамның әр азаматын ойландыруға тиіс және онымен жұмыла күресуіміз қажет,-дейді ол.

Судья жастардың мұндай қылмысқа баруына жағдай жасап отырған бірнеше фактіні атап, полиция оларды қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты.

Бұл қылмыс тал түсте жасалмайды. Бәрімізге белгілі көше бойында пәтер өткізіп, ақша тауып жүргендерді күнде көреміз. Осындай мәселемен қаралған істе жәбірленуші мен сотталушы жалға берілетін пәтерді бір күнге немесе қонақүйден нөмір алып,  қылмысқа баратындары анықталып отыр. Заңға сүйенсек жалға пәтер берерде және қонақүйге жайғастырарда құжат талап етіледі. Әйел мен еркектерге бір бөлме беру үшін олардан неке туралы куәлігін талап етулері керек. Бірақ осындай талаптарды сақтамау  жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол беріп отыр. Ақшаға бола осындай іске жол беріп отырғандарды анықтап, жауапқа тартса қылмыс мұндай кең етек жаймас еді. Полиция қызметкерлерінің оны тексеріп, жауапқа тартуға құзыреті толығымен жетеді,-деді ол.

Сондай-ақ ол жиынға балалармен тікелей жұмыс істейтін мекеме басшылары келгенін атай келе, мұндай қылмысты болдырмас үшін жастарға түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу қажеттігін жеткізді.

Жыныстық қатынас жеке бастың мәселесі. Дегенмен бұл мәселені мектеп, колледж қабырғасында оқушылар арасында ашық талқылауға қысыламыз. Кейбір саясаткерлер тіпті бұл тақырып жабулы болу керек деп санайды. Бірақ әлеуметтік өмірдің виртуальдануы, интернет кеңістігі дамып отырғанда балалардың сана-сезімі жас ерекшелігіне қарамастан әлде-қайда алда болып отыр. Жастар арасында «өз еркімізбен болып жатырмыз, бізде кімнің қандай жұмысы бар» деген қате түсінік бар. Бұл мәселені жабулы күйде қалдырсақ жастардың болашағына балта шапқан боламыз. Мектеп, коледж қабырғасында осы мәселелер қатаң қадағаланып отырса үлкен жетістікке жетер едік. 16 жасқа толмаған қызға өз еркімен жыныстық қатынасқа түсуге заңмен жол берілмейтіні ашық айтылып, жеткізілу керек. Оның зардабын да жеткілікті түрде жеткізуіміз қажет,-деді судья Гулшахар Чинибекова.

Алматы қаласының Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Жанна Шонжанова жасөспірімдермен жұмыс үнемі жүргізіліп отыратынын айтты. Дегенмен мұндай мәселенің алдын алу үшін барлық құзырлы мекемелер жұмыла жұмыс істеу керек, деп санайды.

Биылғы 4 айдың ішінде 2500 ата-ана Әкімшілік Кодекстің 442 бабы 2 бөлімімен жауапқа тартылды. Былтыр 8 500-дей ата-ана жауапқа тартылды. Ювеналды полиция қызметі балалардың тәртібін қадағалау бойынша күнделікті тексеріс жүргізеді. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы мұндай жайттарды тыйу үшін халықпен жиі кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет,-дейді Шонжанова.

Алматы қалалық филиалы Amanat партиясының Жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов жастарға түсіндіру жұмыстарын олардың өз тілінде жүргізу керек деген ойын айтты. Оның ойынша, жастарға көп жағдайда ақпарат дұрыс жеткізілмейді.

Кәмелетке толмағандардың жыныстық қатынасқа бару мәселесі қоғамда көп айтыла бермейді. Құзырлы мекемелер мектеп, колледждерде жыныстық сауаттылық жайлы түсіндіру өткізеді. Бізде менталитетке байланысты ондай нәрселер айтылмауы керек дегендей көзқарас бар. Алайда оны одан саайын асқындырып аламыз. Жастармен олардың өз тілінде сөйлесу керек. Кейбір семинар, тренингтер олар үшін іш пыстырарлық болуы мүмкін. Мәселен, ресим сөйлеп, Қылмыстық кодекс баптарын айтып кетсе оларға қызықсыз болады. Бұл тұрғыда біз бірлесе жұмыс істеп, қолұшымызды беруге дайынбыз. Оларға тек баяндама түрінде емес, видеоролик басқа да қызықты тәсілмен жеткізсек. Интернет қанша зиян десек те оны жауып тастай алмаймыз. Сондықтан оның  алдын алатын роликтер түсіріп, интернетке жүктеу арқылы күресе аламыз,-деді жас белсенді.

Жиынның қорытындысы бойынша  құқық қорғау органдары, жастар ұйымдары, білім беру ұйымдары бұл мәселемен жұмыла отырып, кешенді түрде күресу қажет деген ойларын білдірді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы