"Жынымды келтірмеңізші": 2019 жылы жұрттың ашуына тиген шенеуніктер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарих қойнауына тағы бір жыл енуге жақын. Осы ретте 2019 жылы ел есінде қалған шенеуніктер туралы айтпақшымыз.
"Жынымды келтірмеңізші"
Биыл елдің ерекше есінде қалатын шенеуніктің бірі – экс-ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин болғаны сөзсіз. Ол ақпан айында отандық журналистердің бірінің тарифке қатысты қойған сауалына жауап беруден бас тартып, "жынымды келтірмеңізші" деген еді. Жұманғариннің бұл жауабы жұрттың наразылығын тудырып, көп ұзамай вице-министр кешірім сұрады.
Бұл бөтен іс-шара ғой. Не болды? Кеше парламентте айттым тарифтер туралы. Ондай болса, өздеріңіз тұра беріңіздер. Бұл жерде шағын бизнес туралы әңгіме болып жатыр. Сонда менен тариф туралы сұрауға келдіңдер ме? Ресми түрде келіңіздер, тариф туралы бәрін айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші...
Экс-вице-министрдің жауабы осылай болған еді. Ал мамыр айында Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасы атынан Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі болып тағайындалды.
"Это их выбор"
Тағы бір экс-вице-министр. Оның есімі – Светлана Жақыпова. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған Светлана Жақыпова астанадағы 5 қыздың өліміне қатысты тілшілердің сұрақтарына жауап беру кезінде "Это их выбор" (бұл олардың таңдауы) деп жұрттың ашуын тудырған болатын.
Тілшілердің бірі баспасөз мәжілісінен кейін вице-министрден неліктен ата-аналарға түнде жұмыс істеуге тура келетінін сұраған еді.
Это их выбор (бұл олардың таңдауы), - деп жауап берді Светлана Жақыпова.
"Әйелдеріңе ие болыңдар!"
Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың да сөзі желіде қызу талқыланды.
24 маусымдағы Арыс қаласындағы жарылыстан кейін осы қаланың тұрғындары өздерінің наразылықтарын білдіріп, Шымкенттегі "Бекжан" базары мен "Ақмешіт" мешітінің алдындағы көшені жауып, митинг өткізген. Халықпен кездесуге келген әкім кейбір белсенділердің сөздеріне шыдай алмай, "алдымен әйелдеріңе ие болып алыңдар" деген еді.
Тілім бар екен деп әр нәрсені айта бересіңдер. Біз ойнап жүрген жоқпыз. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Осы мәселені шешіп жатырмыз күн-түн демей. Біз де пендеміз ғой, Құдай болсам, бәрін бір күнде ретке келтірер едім. Мен Құдай емеспін. Әйелдерге жарайды, ал еркектерге не жоқ?! Алдымен әйелдеріңе ие болыңдар, сосын ел туралы айтасыңдар. Әйелдеріңе ие болмай тұрып, маған ақыл айтасыңдар, - деді ашуға мінген экс-әкім.
"Қартайғанда балаларға кедергі болмай, қариялар үйіне кету керек"
Үнемі жұртты шулатып, ду күлдіріп жүретін депутаттың бірі Гүлжан Қарағұсова да биыл қарап қалған жоқ. Оның наурыз айындағы "Қартайғанда балаларға кедергі болмай, қариялар үйіне кету керек" деген мәлімдемесі біразға дейін елдің есінде қалары анық.
Наурыз айында Мәжіліске ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келіп, аз қамтылған жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы жоспарын баяндаған болатын. Сол кезде депутат Гүлжан Қарағұсова болса, зейнеткерлер балаларға масыл болмай, бөлек шығу керек деп есептейтінін айтады.
Зачем выгонять? Надо строить дома, куда мы в старости пойдем. Это не дома престарелых. Это наши личные кооперативы. Построим, чтобы детям не мешать - уйдем жить на свои доходы, - дейді Гүлжан Қарағұсова.
"Хоть повеситься, понятно!"
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де қыркүйек айында елді шулатты. Митингке шығып жүрген көпбалалы аналармен кездескен Бақтияр Мәкеннің әлеуметтік желіде жарияланған видеода көтеріңкі дауыспен айтқан мына сөздері ұзақ талқыланды:
"Хоть в Акорду иди!", "Иди нахер, блин!", "Хоть повеситься, понятно!", "Это что за отношение к власти, а?", "Болмайды саған квартира, білдің ба?!", "Иди на улицу", "За то что вы 3 раза в Акорду ходили, я с вами сотрудничать не буду!", - деген сөздері бар.
Кейін қала әкімінің орынбасары inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында кездесуде неге ауыр сөз айтқанын түсіндіріп берді.
Ол жеке басыма тиісті. Бірақ мен ер адам, ол әйел адам болғаннан кейін, кешірім сұрадым. Себебі бұл менің ер азамат ретіндегі міндетім деп санаймын. Бастапқыда мен де шыдам танытып, оларды біраз тыңдадым. Алайда олар эмоцияға бой ұрып кеткендіктен, мен де сол әсерге беріліп кетсем керек. Енді неше түрлі сөздер айтқанда, адамның шыдамы да таусылады ғой. Түсініңіздерші. Бұл кісілермен де алдында кездескенбіз. Содан бері көп сөз жиналды. Менің де анам бар, ол дүниеден өтіп кеткен. Мұның алдында да менің анама жаман-жаман, жағымсыз сөздер айтқаннан кейін, адамның төзімі таусылады. Бұл әр ер азаматқа қиынға түседі, - дейді Бақтияр Мәкен.
"Халық тізерлеп тұрып мемлекетке алғыс айтуы керек"
Мәжіліс депутаты, вице-спикер Владимир Божконың Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы кезіндегі үзілісте tengrinews.kz тілшісіне әлеуметтік көмек туралы айтқан сөзі жұрттың ашу-ызасын әбден келтірген еді.
Сіз биліктің не істеп жатқанын түсініп, көзіңізбен көруіңіз керек. Иә, бір ғана көрсеткіш бойынша - халықты әлеуметтік қолдау үш жылда 17 есе өсті. Осы үшін мемлекетке тізерлеп алғыс айту керек. Егер адам ештеңе жасамаса, өзіне бәрін беруді талап етсе, мұндай адамды тоқтататын, "стойлоға" (қораға) тығатын қоғамдық пікір болуы керек, - деді ол.
Осы сөзі үшін қоғам сынына ұшыраған Божконың халықтан кешірім сұрауын талап етушілер көп болды. Бірақ депутат кешірім сұрамайтынын айтты.