Жылжымайтын мүлік нарығы: Мегаполистерде жалдамалы пәтерге сұраныс шегіне жетті
Соңғы айда пәтерлерге студенттер мен жас мамандар сұранысы көбейді. Ол тек бағаның өсуіне ғана емес, алаяқтар үшін де қолайлы орта қалыптастыруда. Жалға беру нарығы қалай өзгерді, студенттер нені таңдайды және баспана іздеу кезінде қақпанға түспеу үшін не істеу керек, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
OLX.kz аналитикалық қызметінің дерегінше, тамызда жалға беру туралы хабарландыруларға жауап саны мамырмен салыстырғанда қала мен тұрғын үй түріне қарай 15-35%-ға өскен. Әсіресе хостелдер тартымды болып отыр, бұл студенттердің арзан нұсқаларды іздейтінін көрсетеді. Алматыда бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс орта есеппен 14%-ға, Астанада – 27%-ға артты. Ал Шымкентте негізінен екі бөлмелі пәтерлерді іздейді, сұраныс 26%-ға көбейген.
Баға өсті. Мамырмен салыстырғанда тамызда пәтерлердің орташа жалдау құны 20%-ға қымбаттады. Алматыда бір бөлмелі пәтерлер 150 мыңнан 160 мың теңгеге дейін көтерілді, екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 200 мың теңге деңгейінде сақталды, ал үш бөлмелі пәтерлер айтарлықтай өсім көрсетті, 200 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттады. Астанада бір бөлмелі пәтерлердің құны тұрақты – шамамен 140 мың теңге. Алайда екі және үш бөлмелі пәтерлер 10-12%-ға қымбаттап, Алматы бағасымен теңесті. Шымкентте өсім барлық сегментке әсер етті: бір бөлмелі пәтерлер 105 мыңнан 120 мың теңгеге дейін, екі бөлмелі – орта есеппен 10 мың теңгеге, үш бөлмелі – бірден 20 мың теңгеге қымбаттады. Сарапшылар бағаның өсуін студенттердің келуімен және жатақханалардың жетіспеушілігімен байланыстырады, бұл жалға алу нарығына қысым жасайды.
Сонымен қатар алаяқтарға тап болу қаупі де артуда. Жиі кездесетін схемалардың бірі – адам басқа біреудің пәтерін жалға беріп, ешқандай құжатсыз алдын ала төлем талап етеді. Егер сізге пәтерге құқықты растайтын құжат көрсетілмесе және алдын ала ақша аударуды сұраса, бұл ықтимал алаяқ болуы ықтимал.
Сіз келісімшартқа қол қоя аласыз, бірақ барлық тармақтарды қарап шықпайсыз. Осыған байланысты меншік иесіне жалға беруде қымбатырақ, тиімді нұсқа ұсынылса, ол сізге “қош бол” деп, келісімді бұза алады да, өзіне пайдалысын іздейді. Екінші нұсқа: меншік иесі заңсыз түрде бағаны көтеруі мүмкін. Бұл келісімшартта барлық шарттар жазылмағанын көрсетеді. Біз адаммен кездескенде оның жеке басын куәландыратын және пәтерге құқық беретін құжаттарын тексереміз, олар сәйкес келуі керек. Егер сенімхат бойынша берілсе де, ол міндетті түрде болуы тиіс, барлық деректер толық сәйкес келуі қажет, – деді пәтерін жалға берумен айналысып жүрген Бектас Абайұлы.
Мамандар кеңесі:
• Ақшаны тек келісімшартқа қол қойғаннан кейін ғана аударыңыз.
• Пәтерге кірген кезде оны міндетті түрде видеоға түсіріңіз – бұл депозиттен негізсіз ұстап қалуды болдырмайды.
• Қабылдау-тапсыру актісін тексеріп, қол қойыңыз.
• Қауіп-қатерді азайту үшін тексерілген, лицензияланған жылжымайтын мүлік агенттіктеріне жүгініңіз.