Жылыжай, ет комбинаты, балабақша: Шетелдік инвесторлардың жаңа жобалары
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің қатысуымен ІІІ Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел өтіп жатыр.
Дөңгелек үстелге дейінгі брифинг барысында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев бүгінгі іс-шара аясында жалпы сомасы 9 млрд долларға жуық 45 құжатқа қол қойылатынын айтты.
«Бұлардың басым бөлігі - жаңа жобаларды бастау бойынша. Атап айтатын болсақ, Маңғыстау облысында ірі сингапурлық инвестормен жалпы сомасы 1,8 млрд долларды құрайтын мұнай, газ, химия саласында ірі кәсіпорынның бастамасын жоспарлап отырмыз. Металлургия саласына келсек, Павлодар облысында техникалық кремний шығару бойынша Біріккен Араб Әмірліктері инвесторларының қатысуымен жоба басталғалы отыр. Бұдан басқа, тамақ өнеркәсібі саласында да бірнеше жаңа келісімге қол жеткізіп отырмыз. Атап айтсақ, ресейлік кәсіпорынның қатысуымен Түркістан облысында 500 гектарға жуық жылыжай кешені жобасын іске асыру бойынша келісімге қол жеткізілді. Америкалық компаниямен Ақмола облысында ірі ет өңдеу комбинаты жобасын іске асыруды жоспарлаудамыз», - деді Сапарбек Тұяқбаев брифингте.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының айтуынша, шетелдік компаниялармен ақпарат, коммуникация, цифрландыру саласында да келіссөздер жүргізілуде. Әлеуметтік сала да назардын тыс қалмаған. Мәселен, клиника, университет, колледж, мектеп, балабақша құрылысы қарастырылған.
Бұған қоса, Сапарбек Тұяқбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 24 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартылғанын айтты.
Елордада өтіп жатқан ІІІ Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелге 1100-ден астам қатысушы тіркелген, оның 600-ден астамы - шетелдік инвесторлар. Инвесторлар 41 мемлекеттен келіп отыр. Атап айтсақ, АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері мен басқа да елдер. Жиынға еліміздің министрлері, экономика, қаржы, бизнес және басқа да сала өкілдері қатысып отыр.
Бұған дейін Түркістанда түркиялық инвесторлардың қаржысына жаңа әуежай салынатынын хабарлаған болатынбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада бірнеше автобустың қозғалыс бағыты уақытша өзгереді
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы