Жылыту маусымында өрттен 150 адам қаза болды
Жылыту кезеңі басталғалы бері республика бойынша 2 864 өрт тіркелген.
Елімізде жылыту маусымы басталғалы бері өрт салдарынан 150 адам көз жұмды. Бұл туралы Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев ведомство өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жалпы қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде өрт саны азайғанымен, қауіп әлі де сақталып отыр.
Жылыту кезеңі басталғалы бері республика бойынша 2 864 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 3 174 жағдаймен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Сонымен қатар зардап шеккендер саны да азайып, 113 адамды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 118 болған. Алайда өрт салдарынан қаза тапқандар саны 150 адамға жетіп отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 149 жағдаймен шамалас, - деп атап өтті ТЖМ өкілі.
Айта кетерлігі, жылыту маусымы елімізде қыркүйек-қазан айларында басталып, әдетте сәуірге дейін жалғасады.
Жылыту маусымы әлі аяқталған жоқ. Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, жылытқыш құралдардың жанында жанғыш заттарды сақтамау, киім-кешек пен басқа да заттарды пештің үстінде құрғатпау маңызды. Сондай-ақ мұржаларды уақытылы тазалап, пештерді шамадан тыс қыздырмау қажет. Бұдан бөлек, балаларға ашық отпен ойнауға мүмкіндік бермеу, кішкентайларды үйде қараусыз қалдырмау да аса маңызды. Электр құрылғылары мен желілерінің дұрыс жұмысын қадағалап, тек жарамды жылыту және электр жабдықтарын пайдалану керек, - деді Руслан Қайрақбаев.
Мамандар бір уақытта бірнеше жоғары қуатты құрылғыны қоспауға, электр желісіне артық жүктеме түсірмеуге кеңес береді. Мұржаларды күйіктен тазалау да қауіпсіздік талаптарының бірі болып қала береді.