Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеке аралап көремін - Шымкент әкімі
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен өткен арнайы жиында жылыту маусымының соңғы сатысындағы дайындық шаралары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір қаланың 23 бөлек орналасқан жылыту қазандықтарының 20-сы қысқы маусымға дайын. Қалғандарында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал Ж.Адырбеков, Т.Орынбаев көшелеріндегі 4,1 шақырым жылыту желілерін және 2 сорғы станциясын қайта құру нысаны бойынша орындалғаны бүгінде 3,7 шақырым. Қазір сорғылар нысан басына жеткізілген.
Бүгінде қала аумағында 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйдің 93%-ы жылу маусымына дайын. Бұл бағыттағы жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталады.
Сондай-ақ 464 бюджеттік мекемеде де әзірлік шаралары аяқталып келеді. Инфрақұрылым желілерінің дайындығы да кестеге сәйкес атқарылып жатыр.
Ал №1 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аптаның аяғына дейін аяқталады.
Жалпы қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қала әкімінің тікелей бақылауында.
Жылыту қазандықтарына жауапты әрқайсыңыз тиісті нысандарды аралап, жылу жүйелерін тағы бір тексеріп шығыңыздар. Қандай бар бір өзекті мәселе болса, ашық жеткізу керек. Әрбіріңізді жүктелген міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Халықтың игілігі үшін баршамыз жұмыла жұмыс жүргізейік. Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеке аралап көремін, – деді мегаполис басшысы.
Жылыту маусымына дайындық шараларына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр.