Жылыой ауданына келген шығын көлемін нақты айту өте қиын – әкім
Жылыой ауданының әкімі тасқыннан кейінгі шығын көлемі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданында қазіргі уақытта техникалық зерделеу және бағалау компаниялары жұмыс істеуде.
Табиғи апат салдарынан Жылыой ауданына келген шығын көлемін нақты айту өте қиын. Себебі, техникалық бағалаушы компаниялар кеткен шығындарды есептеп жатыр. Тасқыннан зардап шеккен үйлердің барлығынан құжаттар қабылдануда. Ол үйлердің ішінде құжаты бар, рәсімделіп үлгермеген үйлер де бар. Мұндай жағдайда өтінімдер азаматтардың жеке төлқұжаты бойынша қабылдануда. Сонымен бірге, кәсіпкерлік нысандар бойынша өтінімдер қабылдау тәртібі бөлек, - деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Еске сала кетелік, тасқын салдарынан Жылыойда онға жуық ықшам аудан зардап шекті. Сонымен бірге 200-ге жуық кәсіпкерлік нысан, 15 әкімшілік, әлеуметтік ғимарат бүлінді. 400-ге жуық малдың жоғалғаны тіркелді.