Жылына 68 мың тонна өнім: «Баян Сұлу» жаңа өндірісті іске қосады
«Баян Сұлу» өндірісін кеңейтіп, жылына 68 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік беретін жаңа кешенді іске қосады.
19 тамызда «Баян Сұлу» АҚ «Кондитерлік астана» жаңа технологиялық өндірістік кешенінің тұсаукесерін өткізеді.
Құны 14 млрд теңгеден асатын инвестициялық жоба кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 16,6 мың тоннаға арттырмақ. Жаңа желілер толық қуатында жұмыс істеген кезде компания жылына 68 мың тоннаға дейін кондитерлік өнім шығара алады.
Кешенде бисквит өнімдері мен печенье өндірісі ұлғайтылады. Сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын, атап айтқанда ұн мен сірнені өңдеу көлемі артады. Жаңа өндіріс 260 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.
Компанияның жаңа өндірісті іске қосуы отандық кондитерлік өнімдердің көлемін арттырумен қатар, қазақстандық шикізатты өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Іс-шара барысында журналистер жаңа өндіріс кешенін аралап, оның жұмысымен танысады. Компания басшылығы инвестициялық жоба, жаңа өндіріс желілерінің мүмкіндіктері және кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы ақпарат береді.