Жылына 3,5 мың адам өкпе обырына шалдығады
Елімізде жыл сайын өкпе обырына шалдығатын 3,5 мыңнан астам адам анықталады, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Былтырдың өзінде 4 мыңға жуық осындай онкологиялық аурудың жағдайы тіркелген. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Сондықтан уақытылы медициналық тексерістен өтіп тұруға шақырады. Отандық онкологтардың айтуынша, бұл диагнозға тап болудың басты себебі – шылым шегу. Әсіресе темекіге әуес 45 пен 69 жас аралығындағы азаматтарға қауіп көп.
Аурудың негізгі белгілері – тез шаршап қалу, кеуде қуысындағы жайсыздық, физикалық белсенділіктің нашарлығы, тұрақты құрғақ жөтел, кеуде қуысындағы ауырсыну және ентігу, – дейді мамандар.
Мәселен, бүгін – Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күні. Осы тұста еліміздегі Мемлекеттік онкология орталықтар, бұл ауруды ерте анықтауға арналған Ашық есік күнін ұйымдастырып отыр. Оның шеңберінде кез келген азаматтың дәрігер консультациясын тегін алуға мүмкіндігі бар.