Бүгiн 2026, 12:49 Фото: istockphoto.com

Жылына 1600 адам: Ирандағы өлім жазасының артында не тұр?

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов өлім жазасының көбеюін тек ішкі саясат емес, саяси басқару құралы ретінде қарастыру қажет деп санайды.

2025 жылы Иранда өлім жазасына кесілгендер саны 1600-ден асты. Бұл – 1989 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Иранда өлім жазасының күрт өсуі нені білдіреді? Бұл биліктің әлсірегенінің белгісі ме, күшеюі ме? BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы Жанат Момынқұловпен талдап көрді.

Қоғамды үреймен бақылау құралы

Саясаттанушы Иранда 2025 жылы өлім жазасының күрт өсуі режимнің ішкі-сыртқы қысымдарға жүйелік реакциясы екенін айтты.

Иран әлемдегі ең қатаң мемлекеттердің бірі екені анық, - деп бастады сөзін маман.

Жанат Момынқұлов өлім жазасының көбеюін тек ішкі саясат емес, саяси басқару құралы ретінде қарастыру қажет деп санайды.

Бұл өзгеріс соңғы кезде мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың өзгергенін көрсетеді. Иранның идеологиялық жүйесінде репрессивті құралдар тек қылмыспен күресу үшін емес, биліктің тұрақтылығын сақтау үшін қолданылады. Өлім жазасы формалды түрде есірткіге қатысты заңдарға сүйенгенімен, оның кең көлемде қолданылуын биліктің саяси бақылауды күшейтуімен де байланыстыруға болады. Өлім жазасының шамамен жартысына жуығы есірткі істері, одан соң ондаған адам “Құдайға қарсы шығу”, “мемлекетке қарсы әрекет” сияқты саяси баптармен сотталған, - деді ол.  

Саясаттанушы мұнда құқықтық логикадан гөрі саяси логика басымдау екенін, яғни, өлім жазасы тек қылмысты жазалау емес, қоғамды үреймен бақылау құралына айналып отырғанын жеткізді.

Өлім жазасының 90%-ы құпия өткен

Маман өлім жазасының күрт өсуі биліктің әлсіреуінің де, күшеюінің де белгісі болуы мүмкін екенін айтты. Ол мұны Иранның соңғы жылдардағы ішкі жағдайымен, наразылықпен байланыстырады.

2025 жылғы өлім жазаларының тек 7%-ы ғана ресми жарияланған, 90%-дан астамы құпия түрде өткен.

Бір жағынан, репрессияның күшеюі режимнің қоғамдағы наразылықтан қауіптенетінін көрсетеді. Әсіресе 2022-2023 жылдардағы жаппай наразылықтардан кейін билік алдын алу стратегиясына көшті. Екіншіден, мұндай қатаң шараларды жүйелі қолдану мемлекет аппаратының бақылау ресурсының әлі де жоғары екенін білдіреді, - деді Жанат Момынқұлов.   

Сондай-ақ саясаттанушы өлім жазасының саяси істерде қолданылуы оның құқықтық құралға айналғанын көрсететінін атады.

Яғни құқық нормалары биліктің саяси мақсаттарына бағындырылған. Бұл авторитарлық режимдерге тән, заң үстемдігінен гөрі, “заңмен басқару” қағидаты басым болады. Сарапшылар соғыста “режим билігі аман қалса, өлім жазасы одан әрі күшеюі мүмкін” деп ескертеді. Өйткені соғыс режимінде адам құқықтары дипломатиялық сауданың “екінші қатардағы” мәселесіне айналады, - деді ол.

Халықаралық ұйымдар сыны

Саясаттанушыдан БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың сыны неліктен Иранға еш әсер етпегенін сұрадық.

Иранның сыртқы саясатында егемендік пен интервенцияға қарсы риторика басым. Бұған қоса, халықаралық қысымның құралдары шектеулі, санкциялар онсыз да жоғары деңгейде тұр. Бұдан бөлек, геосаяси факторлар, яғни аймақтық қауіпсіздік, энергетика, ядролық келіссөздер адам құқықтары мәселесін екінші қатарға ысырып жіберді, - деді Жанат Момынқұлов.

Маман бұл саясат Иранның халықаралық беделіне теріс әсер етіп отырғанын да атады.

Ол әсіресе Батыс елдерімен қарым-қатынаста көзге көрінеді. Алайда Иран соңғы жылдары сыртқы саясатта бағытын кеңейтіп, Қытай, Ресей және “жаһандық оңтүстік” елдерімен ынтымақтастықты күшейту арқылы адам құқықтары мәселесіне байланысты халықаралық қысымды біршама бәсеңдете алады, - деді саясаттанушы.

Өлім жазасы – билікті сақтау стратегиясы

Жанат Момынқұлов алдағы болашақта Иранда өлім жазасы жоғары деңгейде сақталуы ықтимал екенін айтты.

Себебі режим үшін ішкі тұрақтылық – басты басымдық. Иран үшін өлім жазасы – тек заң емес, билікті сақтаудың стратегиясы. Өзгеріс ішкі саяси трансформация немесе сыртқы қысымның күшею әсерінен ғана болуы мүмкін, - деді ол.

Сонымен, өлім жазасының артуы – режимнің өзін сақтау стратегиясының бөлігі. Ол Ирандағы саяси жүйенің табиғатын және оның қауіпсіздікке бағытталған басқару моделін айқын көрсетеді.

Еске салсақ, Иранда жастар құрамасының мүшесі, 19 жастағы балуан Салех Мохаммади өлім жазасы кесілді. Спортшы Құм қаласында дарға асу арқылы жазаланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Сауд Арабиясы 2025 жылы өлім жазасы бойынша рекорд орнатты