Елордада балалардың терезеден құлау оқиғалары азаймай тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті күннің жылынуына байланысты терезелерді ашу кезінде ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін сақтау туралы ескертеді. Өткен жылы бас қалада балалардың терезеден құлау фактісі бойынша 30-ға жуық оқиға орын алды, деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Полиция қызметінің сөзінше, көптеген жазатайым оқиғалар ересектер болмаған кезде немесе баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараумен байланысты орын алады. Терезеден құлау -  балалардың жарақаттануының негізгі себептерінің бірі саналады. 

"Көптеген жазатайым жағдайларда терезеден құлау москит торларымен байланысты. Өткен жылы елордада балалардың терезеден құлау фактісі бойынша 30-ға жуық оқиға орын алды", - деді Полиция департаментінде.

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналарына келесі кеңестерді ескеруді ұсынады.

"Құлау жағдайларының көпшілігі ата-аналар балаларды қараусыз қалдырғанда орын алады. Кішкентай балаларыңызды жалғыз қалдырмаңыз. Балаңыз терезе алдына өз бетімен көтеріле алмайтындай жиһаздың барлық түрін терезенің жанынан алып тастаңыз. Балаңыз терезені өз бетімен аша алмайтындай, арнайы бекіткіштерді терезелерге орнатыңыз. Есіңізде болсын! Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау - ересектердің басты міндеті", - деп атап өтті полиция қызметкерлері.
  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы