Жылусыз қалған Саран: Үкімет кінәлілерді табуға уәде берді
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов билікке Саранның жаңа орталық қазандығының жылу беру маусымына дайындығы туралы жалған ақпарат бергендерді жазалауға уәде берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды маңындағы аталған моноқала тұрғындарының жылусыз отырғандығы туралы мәселе бүгін Үкімет отырысында талқыланды. Жағдай туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев есеп берген болатын.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Саран қаласында қазандықтың дайын екенін айтып, жалған ақпарат бергендер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген болатын.
Үкімет басшысы жұмысты бүгін аяқтауды тапсырды.
Бірінші кезекте бұл Саран қаласының жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанының дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың бәрі жауапкершілікке тартылады. Осы отырыстан соң Энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін өзі тексереді. Нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстың құрамы бар болатын болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады - деді Бектенов.
Аталған мәселеге байланысты Саранға жағдайды анықтау үшін Энергетика министрі шұғыл түрде жіберілді.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев Саран қаласының әкімдігінде жедел штаб отырысын өткізді. Министрдің басшылығымен комиссия құрылды, оның құрамына Энергетика министрлігінің, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің және тиісті органдардың өкілдері кірді.
Комиссия мүшелері бүгін шұғыл түрде Саран қаласының барлық жылумен жабдықтау қазандықтарын толықтай аралап, қазіргі жағдайды бақылап, жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарының барысын көріп қайтты. Барлық жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жасалып жатыр. Премьер-министр бекітуімен жылумен қамтамасыз етудің резервті кестесі құрылды. Ол министрліктің бақылауында, - деді Алмасадам Сәтқалиев.