«Жылусыз отырған үй жоқ». Ақтөбе әкімдігі мәлімдеме жасады
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы барлық үйлерге жылу берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалада 1 874 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 1 538 көппәтерлі тұрғын үйлер "Aqtobe Su-Energy Group" АҚ орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Ал 336 көппәтерлі тұрғын үйлер дербес жылыту жүйесімен немесе жеке қазандықтармен жабдықталған.
Ақтөбе қаласы бойынша 128 жылыту қазандығы бар. Оның ішінде 28 қазандық "Aqtobe su-Energy Group" АҚ меншігінде.
100 қазандық көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару нысандарының меншігінде (КСК, ОСИ және көпқабатты үй құрылысын салушы компаниялар). Автономды жылыту жүйесімен және жеке қазандықтармен жылытылатын көппәтерлі тұрғын үйлерде жылумен жабдықтау толығымен қамтамасыз етілген. "Aqtobe Su-Energy Group" АҚ бойынша орталық жылытуы бар 1 538 үй толығымен қосылған. Жылыту барлық үйлерге қосылды, егер үйдің дайындығы, пәтерлердегі проблемалар туындаса, әр өтінішке "Aqtobe su-Energy Group" АҚ-ның және тұрғын үй инспекциясының мамандары барады. Сондай-ақ, көпқабатты үйлерді басқару органдары қазіргі уақытта жылу берілген кезде туындауы мүмкін жылу деңгейі мен гидравликалық балансты реттеуді жалғастыруда, - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақтөбеде жылусыз отырған үй жоқ екенін айтады.
Жылусыз отырған үй жоқ. Барлық үйге жылу қосылды. Қазір ПИК ауа жіберіп, тексеріп жатқанына байланысты кейбір пәтерлерде қосылып-сөніп тұруы мүмкін. "Пәтерімде жылу жоқ" деп тұрғындар хабарласқан жағдайда мамандар бірден барады, - деді әкімдік.
Айта кетейік, Қарағанды облысының Саран қаласы жылу маусымына дайын болмай шыққаны туралы жазған болатынбыз. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Саран қаласында қазандықтың дайын екенін айтып, жалған ақпарат бергендер жауапкершілікке тартылатынын айтқан еді.
Ал бүгін Сарандағы барлық үйлер мен әлеуметтік нысандар жылуға қосылғаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, 16 қазанда сағат 15:00 шамасында Аягөз қаласының тұрғындары жылусыз қалып, шағым айтқан еді. Әкімдіктің «Д159 ысырмасының істен шығып қалуы» себеп болған. Бірақ қазандықтар жұмысын тоқтатқан жоқ, Аягөзде жылу беру жүйесі қалпына келтірілді.